Байланыс телефондары:
+7(701) 773-62-ХХ
+7(701) 773-62-ХХ
» » Назира ЕРМАХАНҚЫЗЫ: ӘЙЕЛ РЕТІНДЕ ГҮЛ МЕН ӘШЕКЕЙГЕ ҚЫЗЫҒАМЫН .

Назира ЕРМАХАНҚЫЗЫ: ӘЙЕЛ РЕТІНДЕ ГҮЛ МЕН ӘШЕКЕЙГЕ ҚЫЗЫҒАМЫН .

01 июнь 2012, Пятница
580
0
– Алматыдан Астанаға қоныс аудардың. Астанадан өзің үшін қандай ерекшелік таптың? – Алғаш оқу іздеп Алматыға  келгенімде, үлкен қалаға бейімделіп кету маған қиын тиіп еді. Ал, енді  керісінше, есейген соң қоныс аударғаннан кейін бе, мұнда тез үйренісіп  кеттім. Бұрын жұмыс барысында келіп-кетіп жүріп байқамаған екенмін,  «Астананың жеті кереметінің бірі» деп ең алдымен сарайыңды ашатын саф  ауасын айтар едім. Ауасы кең. Қазір ара-тұра Алматыға барғанда, үнемі  басым ауырады. Көлік кептелісі де шаршатып жібереді. Бүкіл уақытың  көшеде өтіп кетеді. Ал Астана жұмыс істеуге қаншалықты жайлы екенін  білмеймін, бірақ отбасылы адамдар үшін өмір сүруге жайлы қала сияқты.  Ырғағы баяу, шаршатпайды. 
– «Назира Бердалы» деген ат үшін  ақындығыңа рахмет айтасың ба, тележүргізушілігіңе ме? Екі өнердің  қайсысы танымалдылыққа көбірек қызмет етеді? – Әрине, танымалдылық үшін  тележүргізушілік көбірек қызмет етеді. Кітапқа қарағанда БАҚ  танымалдылыққа ие екенін мойындау керек. Күн сайын экраннан көрініп,  халықпен жүздесіп тұрғаннан кейін, адамдарға көзтаныс болып қаласың.  Көшеде көрсе де де, теледидардан көргенін айтып, есіне түсіріп жатады.  Бәлкім, тележүргізушілік жеңіл танымалдылыққа жетелейтін шығар. Кез  келген адамды тележургізуші етіп бірнеше жыл экраннан сөйлетсе,  кәсібилік туралы айтпағанда, мейлі жақсы болсын, мейлі жаман болсын, ол  танымал болып шығады. 
– Жылың қандай? – Мешін жылы.
– «Жылыңа ұқсайсың ба?» деп сұрағым келген... – (Күліп) Иә, ұқсаймын. Мешін жылғы  адамдар көңілді, ақжарқын болады деп жатады. Жалпы, «мешінді» адамдар  екі түрлі айтады ғой: бірі – маймыл болса, бірі – қазақтың көне  ұғымындағы мифологиялық кейіпкер. Оның нақты қандай екенін біз  білмейміз. Бірақ бала күнімізден көп естіп өстік. Ал жыл санаудағы  мешінді маймыл деп қабылдау үрдіске айналып кетті. Өзі де көңілді  жануар, циркте болсын, хайуанаттар бағында болсын, маймылды көрген бетте  адамның да көңілі көтеріледі. 
– Ал экраннан ұстамды, салмақты көрінесің. Әлде ол басқа Назира ма? – Олай болуы да мүмкін.  Көрермендердің пікіріне сүйеніп, өзімді салмақтылар тобына  жатқызатынмын. Осы кезге дейін солай ойлап келдім. Бірақ өз отбасымдағы  жандар, бауырларым, жақын араласатын достарым «салмақтылар тобына  жатпайсың»,– дейді. 
– «Мифологиялық кейіпкер» деп қалдың, эзотерикалық, аспани ілімдерге сенесің бе?  – Ислам дініне сенемін. Ислам –  ілім. Оның ішінде ғылымның барлық саласы қамтылған. Өзіңді толғандыратын  сұрақтың барлығына жауап табуға болады. Жұлдызнамаға адамды тану  ретінде, психологиялық таным ретінде бір кездері қызығушылық  танытқанмын, дәл қазір сенемін деп айта алмаймын. 
– Неден қорқасың? – Құдайдан қорқамын.
– Әйел ретінде не нәрсеге қызығасың? – Үйде гүл өсіргенді ұнатамын.  Пәтерден пәтерге көшіп жүрсем де, барған жерімде гүл өсіремін. Мүмкін,  ол анамнан дарыған қасиет шығар. Анам гүлді өте жақсы көреді. Еккен  гүлінің бәрі өседі. Содан соң әйел ретінде әшекей бұйымдарды жақсы  көремін. Үш-төрт қобдишам бар, біреуінде моншақ, біреуінде сырға-сақина,  біреуінде білезік дегендей, әшекейлер тұрады. Бұл бір жағы, эфирге  шыққаннан кейін әр киіміңе таңдап, үйлестіріп тағуға тура келгендіктен  туған дағды шығар. Әдемісін көріп қалсам болды, алғым келіп тұрады.
– Қазір өлең жазып жүрсің бе? – Дәл қазір өлең жазып жүрген жоқпын.  Өйткені ақынның басында өлең келмей қоятын кездер болады. Қашан  келетінін сұрамайды ол менен. Бір-екі жыл көлеміндегі шығармашылық  тоқырау  бұрын да болған. Араға уақыт салып барып туған өлеңдер де  ерекше шабытпен шығады. Қазір де сондай кезең болып тұрған шығар...
– Сенің сөйлеу мәнеріңнен кітаппен дос екенің байқалады... – Әрине, қазақтың классик жазушыларын  қайталап оқуға тырысамын. Жақында ғана Жүсіпбек Аймауытовты оқып  шықтым. Қазір «Абай жолының» 4-томына келдім. Оқымасаң, тілің қасаң  тартып кетеді, ой да суалады. Эфирмен жұмыс істеп жүргендіктен, кітап  оқу дегенді мен күнделікті жаттығу сияқты қабылдаймын. 
Дайындаған – Айгүл ХАЛЫҚ       
                                       

Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры