Байланыс телефондары:
+7(701) 773-62-ХХ
+7(701) 773-62-ХХ
» » Ару – әлем

Ару – әлем

08 июль 2019, Понедельник
1 032
0


Нәзира БЕРДАЛЫ

Ару – әлем 

Өлеңдер

Алматы

2014

УДК 821. 512. 122

ББК 84 (5 Қаз)-44

Б-45

Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі 

«Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді

БЕРДАЛЫ Н.

АРУ – ӘЛЕМ. Өлеңдер/ Н.Бердалы. – Алматы: 

Хантәңірі, 2014. – 173 бет. 

ISBN 978-601-03-0273-0

Қазақ өлеңіне соңғы жылдары келген жас толқын ішіндегі өзіндік үні, қолтаңбасы бар ақындардың бірі – Нәзира Бердалы. Сыршыл да нәзік жырларымен жарқ етіп көзге түскен автордың бұл жинағына махаббат, достық, сүйіспеншілік жайлы туындылары еніп отыр.

УДК 821. 512. 122 

ББК 84(5 Қаз) - 44

Б-45

ISBN 978-601-03-0273-0

© «Хантәңірі», 2014

жаңбырлы 

түн 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Жауын! 

Жаудың ба? 

Жып-жылысың. 

Өзіңсің таңғы бағым, түнгі ырысым. 

Көктемнің хабаршысы, қуанышы, 

Тағы да сол көктемнің бір мұңысың. 

Тырсылынан естіліп тойдағы ән, 

Жанарымда жауын – жас, ойда – күмән. 

Бал балалық шағымды байқап тұрмын 

Тынымсыз тамшылардың ойнағынан. 

Мұның қалай, мұңымды өршіткенің? 

Жыр құмар жан алқынып, өршіп демім... 

Шер толқытқан көңілімнің шарайнасы – 

Шеңбер-шеңбер...шертілген көлшіктерің. 

Бұлтты әкеліп, биікке асып қойған 

Бұл жаңбырдан сай-сала тасып, толған. 

Биші тамшы, күн көктем, жылы жаңбыр, 

Өздеріңе әрқашан ғашық болғам!..

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Бие-бұлттан жылы саумал сауып қыр, 

Еріді қар, Күн демінен тауып нұр. 

Елжіреген табиғат, 

Жаңа жаңбыр жанарынан 

Жасыл көктем жауып тұр. 

Көктемде болар бүкіл әлемнің тылсымы: 

Жыр сыры сонда, нұр сыры сонда, бүр сыры... 

Дәл бір мендегі мазасыз жүрек дүрсілі – 

Дәу тамшылардың шатырды тепкен тырсылы. 

Тебілетіндей темірдің қанша жазығы? 

Тыңдамады оны тұнық тамшының таза үні. 

Мендік бір сезім мөлт етіп барып құлады: 

«Туған күніңмен, нәзіктіктердің нәзігі!» 

Сағыныш түстес көктемгі сәуле сейілі, 

Сағыныш түстес мұңайған тамшы кейібі. 

Кешір, қызыңның естілмей жатса кей үні, 

Мерекеңмен сол, мейірімділердің мейірі! 

Өзің секілді жымияды Күн, қарашы! 

Жымияйын мен, жылама тек сен, АНАШЫМ! 

Көктемде екен ғой бүкіл әлемнің жұмбағы: 

Ана мен қыздың, аспан мен жердің арасы.

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Аппақ жаулығын ақ таң әкеліп түнге ілсе, 

Сол ақ таңменен көңілді құстар бір жүрсе, 

Асығып шығып, терезеңе сенің асылып, 

Ақсиып тұрып өзіңе қарап Күн күлсе, 

Бұл – менің жүрегім. 

Самал жел келіп, салалап сүйсе шашыңды, 

Ақ нөсер келіп, айқайлап тепсе шатырды 

Сол нөсер – Алла нұрына әбден сусындап, 

Алқызыл гүлдер құлпыртса қуаң тақырды, 

Бұл – менің жүрегім. 

Көктемгі көктің жұпарын жұтса қырқалар, 

Шегіртке салса мәз әнін жаздың шырқалар, 

Жаңа жыл күні жаңашыл мөлдір тілекпен 

Жұлдыз боп жауып, шыршаға қонса ұлпалар, 

Бұл – менің жүрегім. 

Күп-күрең күзді қарсы алып мұңмен қара тал, 

Сырымды менің әлемге жыр ғып таратар. 

Сол қара талдан сағыныш соққан жапырақ 

Сылқ құласа егер, еңкейіп жерден ала сал, 

Бұл – менің жүрегім...

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Ғажайып шаттық, қуаныш болып келгенім, 

Боз далам менің көйлегін киді ең керім. 

«Қызым-ау, кел» деп құшағын 

жайып жатқандай 

Мұнарға бөккен белдерім. 

Бір сәтте ғана көк майса басып жер бетін, 

Көрсетті менің көркем даламның келбетін. 

Аспандағы аппақ, мап-мамық 

бұлттар ойнақшып 

Аппақ сіңлімдей...ерке тым. 

Күн сүйіп жатыр, анамдай болып елжіреп 

Жеңгемдей болып аймалап жатыр жел жібек, 

Қол бұлғайды, әне, қаланың ғимаратынан 

Көрінбей талай діңкемді құртқан...көкжиек. 

Таныс тау, міне, таныс көл, өзен, таныс бақ, 

Құмарым қанбай аралап келем қарыштап. 

Туған жер, сенің жауындарыңнан жаралғам! 

Ал сосын, сосын...сағым боп кеткем алыстап...

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Көктем, сені көргенде ән салмадым мен. 

Бұрынғыдай... 

Қырқаға шығып, құстарды қарсы алмадым мен. 

Мұным қалай? 

Кеудемді жарған алғашқы бәйшешек сезім 

Қыстың ең соңғы кәріне ұрынбағай. 

Көңілімде сыз. 

Әйтеуір жылынбады-ай... 

Көрмесем-дағы ешқашан шағаланы көктен, 

Жыл құстарын күткем өзенде – 

жағадағы көктем. 

Жағады ма бүгін көңіліме, жаға алмайды ма, 

Көктем келді міне, тағы да... қаладағы көктем. 

Қала. Көктем. Түн. 

Жасанды жұлдызы мәлім 

Бастады тағы даңғаза, түнгі ұзын әнін. 

Мен бардым-дағы балконнан: 

«Көктем келді», – деп, 

Қолдан егілген қызғалдақ гүлді үзіп алдым. 

Түндегі мынау тірлікпен ұйқаспайды ойым, 

Қараңғы құшақ, неліктен, түн, тастай қойның?

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Мен бардым-дағы сол кезде күйсандығыма 

Құстардың әні жазылған үнтаспа қойдым. 

Жүрегім жалғыз. Жылусыз. 

Жыр да өпкен емес. 

Көңілімдегі көлеңкем – қырда өткен елес. 

Көріксіз көктем болмайды, серпілейінші, 

Көктем, мен сені сағындым! 

Тек...бұл көктемді емес.

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Көгілдір түн. 

Көк түннің көктемі гүл. 

Жұлдыз сүрер бір-ақ күн көкте ғұмыр. 

Сонау алыс жұлдыздар алыс емес, 

Мына түн қап-қара емес, көп-көгілдір. 

Көп жұлдызға көсем ғып қадапты Айды, 

Қиылған қабақтай Ай, садақтай-ды. 

Біріне-бірі ғашық екі бұлбұл 

Құйқылжып, махаббатты мадақтайды. 

Қосылып ап, не түрлі ән салады 

Қапырық түн, еспейді таң самалы. 

Ай бетіндегі ару қыз маған қарап, 

Мұңаяды, немесе тамсанады. 

Несіне қызығасың, Ару, маған? 

Тек түнде тыншиды ғой дауыл ғалам. 

Ал менің сезіміме тыным бермей, 

Бір адам түн ұйқымды тағы ұрлаған. 

Бұлбұл үні бастайды бойды егеске, 

Махаббат-ән салмайды тойды да еске. 

Сол бір жан атырмастан ақ таңымды, 

Мәңгілік түн орнатып қойды емес пе? 

Көгілдір түн...10 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Ол кете барды. 

Бұрылып қарамады да. 

Өзіндей жанды 

Жүрегім таба алады ма? 

Шыныменен-ақ, шынайы махаббат деген 

«Қарамаулардан осылай жаралады» ма? 

Қызықтырмастан құбылыс мендегі бөтен, 

Қарамады ол. 

Көргісі келмеді ме екен? 

Күлімдеп тұрғам. 

Көңілім көктемдей еді. 

Көктем келгенін ол сонда сезбеді ме екен?... 

«Сезбейсің, жаным...» жас болып 

арманым ақты. 

Түн келді тағы, нән қала шамдарын жақты. 

Көктем келген күн. 

Қайтадан қар жауып жатты...11 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

ҚАРАГӨЗ 

Қара түн, бәлкім, қаралы сұлу құсалы? 

Қара көз жабық, айқара ашық құшағы. 

Қараңғыдағы соқыр көбелек жалпылдап, 

Жарыққа қарай ұшады. 

Қаралы сұлу көзінен 

Тама алмай қалған жас ұқтық. 

Күнәлі ме екен көбелек, 

Қойса егер тағдыр асық қып? 

Көбелек – жүрек... 

Бұл әлде бір заңы ма екен өмірдің: 

Біреудің бағы, 

Біреудің соры ғашықтық... 

Тілгілеп жатыр жүректі 

түсінбес тілді түн алмас 

Әкетер, болса, тілекті, 

ал одан басқа түк алмас. 

Қаралы сұлу қайғыдан 

қарс айырар да кеудесін, 

Соқыр көбелек... 

бәрібір жарықсыз өмір сүре алмас.12 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

«МӘҢГІЛІК БАЛА БЕЙНЕ» 

Тұнық демді дүние, алқынбаған, 

Тыныш демін түннің мен жәй тыңдағам... 

Сұлық түскен сонау Ай жанарында 

Суық мұң бар сап-сары...айтылмаған. 

Айтылмаған, 

Еш аспапта күй болып тартылмаған, 

Айлы түнде арудың көздерінен 

Алтын түстес жас болып жарқылдаған 

Сары мұң бар. 

Өлшеуі жоқ шексіз бір сағыну бар, 

Жалығу бар, шағыну, қамығу бар, 

Жалын – у бар... 

Уыңды ішіп дәміндей ән мен тұздың, 

Жалыныңа күйіп, 

айырылған әлден біз кім?! 

Қарауылдың үстінен қарауытып, 

Ләйланың лағнетіне куә болған 

Лағыл түсті Ай, 

Қарама! 

Дәр-мен-сіз-бін...13 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Ай көзінен діріл-діріл жас тамды. 

Неткен ұзақ, мағынасыз отырыс? 

Мен өмірге гүл боп көзімді ашқам-ды, 

Нәзік сабақ, нұрлы жанар, хош иіс. 

Бөлтіріктей жалғыз қалған түздегі 

Енді, міне, телміремін сары Айға. 

Жапырақ қып жібердіңіз Сіз мені... 

Жасыл түсі көрікті, жұпары жоқ алайда. 

Аймен бірге сыңсудамын аулақта, 

Маған, сірә, жолықпайсыз енді Сіз. 

Тағдыр солай айналдырды қаңбаққа 

Ұшар желі белгілі, қонар сайы белгісіз...14 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Ауыл. Іңір. Беймаза шақ – естегі 

Азан-қазан мал қайтқанда төстегі. 

Дала аспаны, түн алдында түнерген 

Қызылбауыр бұлттары бар көшпелі... 

Санамдағы сол суретті сарғайтқан 

Алматының алтындалған кештері. 

Көкте жұлдыз, жерде жұлдыз, жұлдыз – маң, 

Көше күлкі, тарап жатқан мың қыздан. 

Кереметін көп көресің қаланың 

Айлы түнде кемпірқосақ туғызған. 

Жыр болып жас, тамшы болып күй ақты, 

Сәнқой қала самаладай сый апты. 

Шам жарығы, Ай жарығы, әйтеуір 

Алматыда түн болмайтын сияқты. 

Көктем-көңіл күздің күйін кешкенде 

Ерке шақтар шығып кеткен естен де. 

Шырағданның жарығымен 

ешкім ертек айтпайды 

Ұзақ, ұзақ кештерде... 

Ертектен соң тәтті-тәтті түс көріп, 

Тыншығанда бар әлем15 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Шөп үстіне шығып алып, үйіп қойған маямен, 

Жанарыммен жұлдыздарды санар ем. 

Қолым созсам жететіндей көрінген 

Аңқау аспан, өзіңмен бір қалар ем, 

Мәңгі бірге қалар ем...Әттең?!16 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

КҮН ИІСІ 

Апаларым Назым мен Сырғаның рухына 

Жазда қалған жылуы мен жақсы әні, 

Бізге мәлім күздің жайы-жапсары. 

Қалықтаған әне біреу жапырақ 

Күн сынығы секілденген сап-сары. 

Әр сынықта – бала күнім бір әсем 

(Есіме алсам, ұғынарсың мына сен). 

Сиыр сауып оралғанда таңертең 

«Апа, сенің үстіңнен 

сүттің исі шыға ма»? – деп сұраушы ем. 

Таңертең-ді. 

Төбет Маңғаз үретін. 

Ерке қызды тұрғызатын апасы тауып 

әрең ретін. 

Тостағанмен сүт ұсынып, 

«Тентегім, сүт иісі емес, күн иісі» – деп күлетін. 

«Күн – ырысы жердің, шөптің, түп талдың 

Ал адамға жылу сыйлар шыққан Күн» – 

дейтін апам.17 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Ерте тұрған адамға 

Күн иісі сіңеді деп ұққанмын. 

...Қырау түсті кебегіндей ақ ұнның, 

Күзгі сәуле дірілдеткен жаным – мұң. 

– Қайда кеттің? 

– Қара түнек әлемге. 

Апа-оу, сенің күн иісіңді сағындым!18 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

«Ей, самолет, самолет! 

Алматыға ала кет!» – 

деп жүгіріп жүргенде, 

Осы біздер бала ма ек?... 

Күндер сырғып, бір жыл, бір ай, бір күннен 

Кездер қалды, бізбен бірге күн күлген. 

Самолеттен «ала кет» деп сұраған 

Алматыда жүрмін мен. 

Ей, самолет, самолет! 

Біздің үйге қона кет! 

Жете алмай, сағынған 

Ауылыма ала кет! 

Ауылыма апар да, 

Алматыға қайтып кет. 

Балалығым сапарда... 

Қай жерде екен? 

Айтып кет...19 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Бұлым да бұлым бұрымым бар ед 

Белімді құшып жататын. 

Аналар көріп, ырым қылар ед, 

Бабалар беріп батасын. 

Жалғыздығым тек жырыма сыйып, 

Қызықтырмайтын жай тегін. 

Жусан иіс шаш жыныма тиіп, 

Желкеден қидым, қайтейін? 

Шашбаусыз менің сымбатым сән бе? 

Қазақ ем «бұрым – мүлік» дер. 

Жыныма тиген шашым ба, әлде 

Шашыма ғашық жігіттер? 

Әйтеуір әкем қатты да қатты үн, 

Деді анам: «Түрін, жақсартып...» 

Сол күні сосын солқылдап жаттым, 

Сұлу болудан бас тартып. 

«Жайнадың» дейді гүлдей солсам да, 

Күл болсам дейді «лауладың». 

Шөпжелкелердің бірі болсам да 

«Қодарлардан» құтыла алмадым.20 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Бұлым да бұлым бұрымым бар ед 

Кестім бе екен бекерге? 

Біреулер содан сырымды ұғар ед, 

Ұғылмай енді кетем бе? 

Аңшылар әлі құрады тұзақ, 

Кей ағам кетті ұсақтап. 

Кештерде кейбір жылаймын ұзақ, 

Кесілген шашты құшақтап...21 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Үйренемін, әлі-ақ мен төселемін де, 

Сәл көңілсізбін, мұңымды еселедім бе? 

Сағынып келем жып-жылы 

жаз – ауылымды 

Алматының қар басқан көшелерінде. 

Қар болмайын деп, ел-жұрттың 

алғаны шатыр, 

Табиғат үнсіз. Алатау ойланып жатыр. 

Абай көшесі, әнеки, Неке сарайы, 

Әдеттегіше, әрине, той болып жатыр. 

Той болып жатыр, аққайнар бусатып буды 

Күн сәл де болса ақ қарды 

жұмсартып тұрды. 

Өзі де күйеу болардай сүйкімді жігіт 

Неке сарайы алдында...гүл сатып тұрды. 

Қарадым оған, сен қара, 

қара да тұрғын 

Ауылдықпын ғой, демеймін 

«қалада тудым» 

Үлкен көшенің шуынан құлағым тұнып, 

Театрға қарай аяңдап бара жатырмын.22 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Алтын күзімнің ақ боран жалғасымысың, 

Ақ қайың арман – ой салған алғашқы мүсін. 

Алабұртқан көңілге не әкелерсің, 

Алматыдағы алғашқы қысым?23 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Есіңде ме? 

Көктем еді. 

Көктеп еді бүршіктері талдың да, 

Қызыл гүлдер қаптап еді шалғында. 

Құшағына қызыл гүлді толтырып, 

Сен тұрып ең алдымда. 

Құстар сайрап, шыға алмастан құмардан, 

Төбемізден аспан төнген жыларман. 

Қыз боп алғаш бозбаладан гүл алған 

Сәтім үшін өлердей боп ұялғам... 

Ал сен болсаң, 

Гүлдің өбіп бетінен, 

Адамдайын айырылған есінен 

Мені қайың тасасына қалдырып, 

Жалаңаяқ жаңбыр кешіп кетіп ең. 

Қалқасында қайыңның, құшағында күдіктің 

Жылап тұрдым. Бұлттан шықты күліп Күн. 

Мен кім едім? Дәл сол сәтте ұмыттым... 

Жаңбыр менен қызды қатар сүйетін 

Жынды ақынның жарты беттік жыры екем. 

Оны қайдан біліппін?24 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

...Бүгін тағы төкті жаңбыр. 

Тереземді жас ұрды. 

Жаңа көктем сол көктемді жасырды. 

Терезенің алдындағы жырларым 

Жыртылды да, шашылды. 

Кіммін өзі?... Мен бар-жоғы адаммын... 

Жаңбыр болып жуа алмайтын жаныңды, 

Жаңбыр болып сүйе алмайтын шашыңды...25 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

САКСАФОНШЫ 

Тілсіз жылап өмірге ғашық әні, 

Тәкаппар мұң табанға басылады. 

Тиын тастап үлгермей тақияға, 

Тағдырлылар...әр жаққа асығады. 

Жалқы ғұмыр, жалқы жан, жалғыз әлем 

Қолдан келсе, басқаша ән салғызар ем... 

Қаланың қайғысына куә болып, 

Жер астында сыңсиды жалғыз әуен. 

Жалғыз әуен... 

Жоғалған сенім бүгін 

Жылыта алмай әуреде темір Күнін. 

Саксафоннан сыңсыған сенің мұңың – 

Сәуле таппай сенделген менің күйім.26 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

ЖИЫРМА БІРДІҢ КӨКТЕМІ 

«Дүниені өзгертемін деп едім, 

Жиырма бір жаста мен»... 

Г.Салықбай 

Кешкі сегіз. Ескі Арбаттың көшесін 

Кезіп келем. Он тоғызы наурыздың. 

Сезімімнің бүгіні мен кешесін 

Өлшейтұғын аспандағы жалғыз Күн. 

Жанарыма сыйып кеткен көктемді 

Парағыңа сурет қылып салғыздым. 

Көздерімде мөлтілдеген әлемдей 

Әйгіленсе жақұт шықтың керегі 

Осы өмірге өле ғашық өлеңдей... 

Бұл көктемнен бақыт күткім келеді. 

Ерте оянған ерке мұңым, 

Тез кеткін!... 

Өз-өзімнен, айтшы, қалай безбекпін? 

Дүрсілдеген ақынға тән жүрекпен 

Дүниені келіп-ақ тұр өзгерткім. 

Өзгермеген қала маған өкпелі, 

Көк аспанның жасаурауда жанары. 

Біздерге ортақ жиырма бірдің көктемі 

Бұлдыр-бұлдыр жолға сіңіп барады... 27 

сүйген 

жүрек 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

8-НАУРЫЗ 

Әрбір үйде асылған ет, бауырсақтар, шелпектер, 

Өмір бойы сүю жайлы әп-әдемі ертектер... 

Көше толы құлпырған гүл, 

Гүл көтерген еркектер – 

Сегізінші наурыз. 

Дәл бұл күні сұлуларды мақтау – аз! 

Естілмеуі тиіс сөздер: «ақшам аз». 

Ілгіштегі ең әдемі көйлектер, 

Кезек күту шаршататын шаштараз. 

Сыйлық, қайшы, жылтыр қағаз, желімдер, 

Абысындар, апа-сіңлі, келіндер 

Көтеріңкі болса дағы көңілдер, 

Кемсеңдеген...сүйілмеген еріндер... 

Күн шуағы – жылы жазға бергісіз, 

«Қарды еріткен сол ғой» дерсіз енді сіз. 

Қате айттыңыз! 

Ол - Әйелдің күлкісі! 

...Тағдырымның не сыйлары белгісіз – 

Сегізінші наурыз...29 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

ДЕГЕЛЕК ҚАР 

Түнге сіңген... ұмытып Күн ұяны, 

Қыз тағдыры секілді, қиын әні... 

Қар жауып тұр. 

Бақыттан басы айналған 

Жұлдыздар көрінбестен жымияды. 

Әлемде басқа не бар ед тағы? 

Бәрібір... 

Қолымда менің – қай-қайдағы бір сары гүл... 

Жанымда - өзің, дауысы – бұлбұл, жаны – нұр 

Көктемнің соңғы қары бұл. 

Алда әлі мың гүл бар, көбелек бар! 

Көңіліме үмітті шегелеп қал! 

Алда әлі мың күн бар, сол бақытқа 

Куә боп, дөңгелей бер, дегелек қар! 

Дегелек қар...30 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

НАУРЫЗ ЖЫРЫ 

Еріді, міне, кілең де... 

Жер беті ұқсап кілемге, 

Аршылып қардан тастұма, 

Раң өскен қырдың астына 

Қыс қашып барад қалшылдап... 

Еске алып әжем жас күнін, 

Қаршыдан алып жастығын, 

Жайып сап төрге көрпесін, 

Алқатып алып еркесін, 

Дастархан жаяр аршындап. 

Шықсын деп биыл мол егін, 

Көтеріп алып көнегін, 

Бұлақтан тасып су құяр, 

Ағаш пен талға құрбылар – 

Күлкісі күміс әпкелер... 

Күн сәскенің тұсында, 

Шашбауының ұшында 

Сылдырап елгей теңгелер, 

Келеме киген жеңгелер 

«Әжеме сәлем» деп келер... 

Арсадан алып соңғысын, 

«Тәңірім ақты мол қылсын» 

Деп тілек айтар өзі еді, 

Жасарда наурыз көжені 

Ақталды сонау сенімі.31 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Ұзынсарыға сақтаған, 

Сыбағаны асты мақтаған. 

Әжеме, сірә, жол болды, 

Дәл өзі сынды мол қолды 

Алеңдік жаққан келіні. 

Толтырып құртқа көмейін, 

Жәутіктен тізіп кенейін, 

Сақасын сайлап балалар, 

Төре боп оған «ағалар», 

Орда ойнауға кірісер. 

Күтпей-ақ жүлде әлдене, 

Пырағын қосып бәйгеге, 

Шіренген өңшең шерілер, 

Қыз қуып жеткен серілер 

Үстінде аттың сүйісер... 

Шаң салмай келіп алдына, 

Масағын қадап жамбыға, 

Тай-құлындай тебісіп, 

Сыралқысын бөлісіп, 

Жеңісін тойлап шаттанар. 

Көз салып қойып бақшаға, 

Толтырып насын шақшаға 

Өзінен елі бата алар, 

Атағатқа лайық аталар 

Қаумаға қарай аттанар. 

Құлпысын киіп құлпырып, 

Күзгіге қарап мың күліп 

Рауанға теңеп суретін, 

Уызға салып сүр етін, 

«Ұйқыашар» жасар бойжеткен.32 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

«Көз байланған кезеңде 

Сыланған сұлу көзелге 

Баратұғын жайым бар», – 

Деп, бозбала дайындар 

«Селт еткізер» ой жеткен. 

Шуаққа ызғар жұтылып, 

Маңдайды сәуле сүйген күн, 

Аласапыраннан құтылып, 

Аққа да аузым тиген күн, 

Алқатқан асыл бұласы 

Әжемнің сонда мен едім, 

Қыспенен бірге қыр асып, 

Бәйшешек теріп келемін. 

Қырқаны жапқан көкпеңбек, 

Нәурізек нәзік гүл – наурыз, 

Жаңбырын нұр ғып төккен Көк, 

Таусылмас мәңгі жыр – наурыз!33 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

СЫҢСУ 

Қызы едім Ермаханның, 

Назды еркесі... 

Қыс бойы тігілетін жаз көрпесі 

Күніге жаңа көйлек – киетіні, 

Күніге дастарханда – сүйетіні. 

Қызы едім, 

Қырық үш жаста Алла берген, 

Жүзінен – Ай, 

Мойнынан алма көрген 

Серуенге сегіз құрбы еріп шығып, 

Қырық жеңге қырық бұрымын талдап өрген. 

Қыз едім. 

«Наздан» кейінгі атым – «Айнам», 

Жұлдызға мақпал түн ғып шашым жайғам 

Ерке де, серке болған сол дәуренім 

Есіктің оң жағында қалды-ау, қайран... 

«Қыз – қонақ» деп, осы жұрт неге алдайды?! 

Қонақ боп өз үйінен кеткенімен, 

Ие боп өзге үйге ене алмайды. 

Қазір маған қырық жеңгем, әкем түгіл 

Қырық шілтен пір де көмек бере алмайды... 

Қызы едім Ермаханның, 

Не демекпін?34 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Мен сорлы – гүлден-гүлге көшенімен, 

Мекенін таба алмаған көбелекпін... 

Мәңгіге қалып қойды-ау керемет күн, 

Қызықты қыз-дәуреннен неге кеттім?...35 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Сұлу Көкше!... 

Кербездігі Күнмен ғана таласқан 

Бауырында қыз-қайыңдар ырғалып, 

Қарағайлар жол ашқан. 

Ақша бұлтпен орамалын саған жолдап жіберген 

Дәл мен сынды ғашық па екен көк Аспан?... 

Беу, шынарлар! 

Тасты жарған тамыры! 

Дәл сендердей менің қайсар жарым бар. 

Жоқ...қайта сендер одан үлгі алыңдар! 

Оның мәңгі жасыл, жап-жас жаны бар, 

Әрқашан да сұлулықты сағынар. 

«Сұлулық» деп мен өзіңді атар ем, 

Сұлу Көкше! 

Сұлу, әрі жас әлем... 

Сурет сала білсем егер, өзіңнің 

Ғажайып бір картинаңды жасар ем... 

Шағалалар айнала ұшқан айдын көл 

Бурабайдың жасы ма екен мөлт еткен? 

Саған қарап, мен өмірді сүйемін, 

Сұлу өлке, 

Шыға келген ертектен...36 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Ай құлайды көздері ашық бөлмеме, 

Қар құлайды ұйқыдағы қалаға. 

Тылсым сезім, сыймай теңіз-кеудеме, 

Толқын болып соғып жатыр жағаға. 

Естисің бе, жан ана?... 

Еркелеген елігіңмін деп жүрсем, 

Еске саппын үйге жаққан бояуды... 

Ұлдар ғана ата-анаға таяу-ды. 

Ұйқысызбын бүгін тағы. 

Ай ауды. 

Қалай жуам көңлімдегі қаяуды? 

Аяулым-ау, аяулы!... 

Бозінгені боздап қалған аулақта 

Ботаң бүгін ботаң ба?... 

Бал сүтіңді бес жыл еміп, 

Жиырма жыл ойнақ салдым жотаңда. 

Отағасын пір тұтатын ақылдым, 

Ошақ қасын айналдырып Отанға, 

«Елдің көркі» деуші едің ғой, - «қыз өссе», 

Жеміс түймей өскен гүлден не пайда?... 

...Жемісімді түйіндетіп отырмын, 

Жүктерімді жиюлы етіп отырмын 

Жалындаған мейіріміңнен өзіңнің 

Шоқ боп ұшып, бөлек жанған отыңмын!37 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Ұқсас қылған От пен Күннің тағдырын 

Тәңірінің орындадық жарлығын... 

Таң атқанда Күнге сәлем беремін, 

Нұрға теңеп аналардың барлығын. 

Асыл ана, ардақты ана, нұр – ана! 

Өтінерім, тек қана сен жылама... 

«Келін» деген киелі сөз ұғымы – 

«Өз үйіне келу» шығар, сірә да...38 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Бағланды жеке сойдырған, 

Жағланға киім толдырған 

Өрешеден алып дәмдісін 

Алдыңа әкеп қойдырған 

Осынау жалған дүниеде 

Анадан жомарт бар ма екен? 

Күлтелі көйлек кигізген, 

Қымқапқа қолың тигізген 

Бергекке басың жеткенше 

Шашыңды талдап түйгізген 

Бегімсал бермес ешқашан 

Анадан шебер бар ма екен? 

Мінгізіп сәурік жорғадан, 

Барыстай алан қорғаған 

Сен үшін жаумен алысып, 

Сен үшін жылап, сорлаған 

Балапан басқан шәулідей 

Анадан батыр бар ма екен? 

Енгенде үйің рауланған, 

Басына жаулық байланған 

Бекпатша сабыр иесі, 

Мейірімінен көңіл жайланған 

Қараған адам таң қалған 

Анадан сұлу бар ма екен?39 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Сен үшін қазір айнамын 

Жастықтың қайда қалғанын 

Өзіме қарап өлшедің, 

Көзіңнен орын сайладың. 

Қолымды, ана, бір-ақ рет 

Қолбаумен ғана байладың. 

Қобызға тиген қияқтай, 

Сыңсиды жаным, бірақ та-ай! 

Жалғанның бүкіл жақсысы 

Жетпейтін саған сияқты-ай! 

Теңедің алуа, шекерге 

Өмірге келіп бекерге 

Қадіріңді сенің ұға алмай 

Бекерге одан кетем бе?... 

Мың түн жыр жазсам, 

Сен күткен бір түнге, 

Ана, жетер ме?...40 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

...Қай әлемде жүрсің қазір, 

нұрлы арман? 

(Он сегіздің көктемінен ұрланған...) 

Кескініңді таба алмадым альбомнан, 

Ескі күнді таба алмадым 

жырлардан. 

Нөсер жаңбыр секілденіп ерте өттің... 

Кейіпкері «көктем» деген ертектің 

Өзге жанның отын жағып отырып, 

Түн ұйқымнан оянғандай селк еттім: 

Сеніменен серт алысқан қолыммен 

Етегінен ұстаппын мүлдем 

бөтен еркектің... 

Ермеген соң тентек желдің ізіне, 

Енді өмірдің көктемі не, күзі не? 

Көздеріммен кезе берем көшені, 

Ұялатын...қарай алмай жүзіңе... 

Шаттық көрмей жаңа оянған 

бүртіктен, 

Ұйықтай берем, 

Ұйқыдамын, ұйықтаймын 

Өзіңді ойлап ілінбейтін кірпікпен. 

Мазалымын. 

Мазасыздық жоқ менде, 

Жазалымын!41 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Тек сен жаза өткерме! 

Бақыттымын. 

Өкінбеймін өткенге. 

Нұрлы арманын сорлы арманға жеңдіріп, 

«Бақыттымын» деп жүрсе де көп пенде...42 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Сен қазір ұйқыдасың. 

Сен ұйықтап қалдың, Күнім! 

Содан бері – түн... 

Кеше және бүгін. 

Кеше бір жыл өтті. 

Не деген керемет жыл – 

Сені маған сыйлаған! 

Сен ұйықтап қалдың, Күнім!... 

Ұйқыда бұл ғалам... 

Не деген керемет жыл – 

Басымнан өткен бар жылдың 

Ең жарқын, ғажайыбы! 

Тек...менің махаббатым 

Ол жылдың бар айыбы... 

Жыл өтті. Жыл келді. 

Ал сен ұйқыдасың, Күнім! 

Сенің әнің әр таң сайын 

Сәуле боп, тереземнен енбейді. 

Сен мені көрмегендіктен бе екен, 

Менің де көргім келмейді. 

Ешкімді. 

...Болды, жетер! Бүгін мен 

Ұйқыдағы Күнді санамнан өшіремін! 

Өзіңді кешір өзің, 

Өзіңді кешір Өзің...43 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Тағы да көшедемін. 

Егер мен жанған бір тал 

шырпы болсам, 

Әлдеқашан түн жұтып, өшер едім. 

Гүл емеспін мен бүгін, бетегемін. 

Етегімді ашқан желден қорғанып, 

Жағамды көтеремін... 

Көше кезем, 

Ешкімге жолықпастан. 

Мен бүгін ұстамай-ақ қолдарыңнан 

Қадамымды толық басқам. 

Өзгергім келеді. 

Өкінуден, өзіңді жоғалтудан 

қорықпастан. 

Несіне қорқам, рас, 

Кезігуге сен емес, басқа жанға? 

Бәрібір біреулерге тәуелдіміз 

Тәуелсіз – төбемізде Аспан ғана... 

Солай, досым, енді біздер бөлекпіз, 

Ал мен енді ақ қайыңмын желексіз. 

Енді маған райханың да, 

Айқайың да керексіз. 

Осы түні мен жоғалам... 

Қарға айналып, 

Жүрегім қонады да суық бағанға.44 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Мұзға айналып, сын сағат 

жуықтағанда, 

Ешбір құшақ, ешбір жыр 

жылытпағанда 

Өзің мені сағынарсың...45 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Тап-тазамыз енді екеуміз. 

Жыладық та, күнәмізден жуылдық. 

Жуылдық та, Меккемен тең 

мекенінен сезімнің 

Мәңгілікке қуылдық. 

Көзімізге әйнек тағып, 

Өзімізден тығылдық. 

Күнге қарап жүгіріп ек, 

Кімге қарап жығылдық? 

Түн – арымыз, алдымызға кеп бас ұратын, 

Түн – шымылдық, сәтсіз күнімізді жасыратын. 

Жұлдыздар менің қолымда емес. 

Жаға алмайм тіпті көшенің шамын – бағанын 

Көзіме тұнған түнді қуып шығам деп, 

Қайта-қайта кірпіктерімді қағамын. 

Мен үнсізбін, түн – жүрексіз, сен – кереңсің! 

Жақындап қалған көктемнің иісінен 

Алыстаған қадамыңның дыбыстарын бағамын. 

Осы сәуле жолыңа нұр төксін деп, 

Тәңірім мейірімнен жыр төксін деп, 

Мен – әйелмін, 

Сен – еркексің деп, 

Жанымның қырық шырағын жағып бітіп, 

Бүгін қырық біріншісін жағамын.46 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Қараумен қалтыраған шырағданға, 

Осылайша ойларым алау жұтады. 

Мен білемін өлгенімді сезіміммен қоса, 

Сонда да көктемді күткен көңілім 

Алабұртады. 

Табалдырығымда 

Түннің ғана сұлбасы қарауытады.47 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

КҮМӘН 

Ақ шәугімді қыздыратын 

көкшіл ғана нұр-жалын, 

Ешқашан да ұғылмаған жыр-жаным 

Шам сәулесі. Ас бөлмесі. 

Жалғыздық. 

Түнгі сағат бір жарым. 

Біз екеуміз. 

Сөйте тұра жалғызбын. 

Тереземен сырғанайды айғыз-мұң 

Құмырада – қурап қалған қалампыр – 

Қасіреті сегізінші наурыздың. 

Өзгермейтін қыста да, 

Өзгермейтін көктемде, 

Өзгермейтін күндіз де, 

Өзгермейтін кеште де 

Мелшиіп ап менің мәңгүрт қалам тұр. 

Жылытпайды...суытпайды – 

сезіндірмейді ештеңе 

Көзін жұмған жалғыз қызыл қалампыр. 

Шуақ емес, мынау аспан төккен мұң 

Гүлге дағы, сізге дағы өкпем мың... 

Күнәсі көп көлшік болып көлкимін 

Көздерінде көктемнің.48 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Күн шыққанда, бәлкім, жоқ боп кетерміз?... 

Көктем сынды біз де өткінші, бекерміз 

Сезесіз бе, сосын біздер – бөтенбіз... 

Мәңгі екеу бола алар ма екенбіз?...49 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Тағы бір күн... 

Тағы бір күн сүрілді. 

Тереземді ұрланып кеп Түн ұрды. 

Меңірейген тыныштықта жалғызбын. 

Сахнаның шымылдығы түрілді. 

Біз - әртіспіз! 

Біз - әншіміз! 

Ақынбыз... 

Ойнап жүріп ақылдымыз, 

Ойнап жүріп батырмыз. 

Ойнап жүріп көріктіміз, 

Ойнап жүріп жақынбыз... 

«Жер» аталған үлкен-үлкен пәтерді 

Жалға алып, өмір сүріп жатырмыз. 

Үстел үстінде суыған тамақ, 

шәйнек, гүл... 

Сағынсаң, Түннің орнына келіп, 

әйнекті ұр! 

Көрерменсіз зал көңілімдей менің 

бос қалды. 

Жарықтар сөнді. 

Сүртілді грим. 

Сау боп тұр! 

Келесі бір күн... 

Ол күнді де Түн тағы ұтты.50 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Тек төрт қабырға 

(Еске салатын табытты...) 

Мен бұдан былай ойнай алмаймын, 

Кешірші! 

Мені бұл рөлім қажытты...51 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Бұл жаңбыр – таза су емес, 

Бұл – аққан аспан кірі. 

Аспанның асты – адамдар, 

Бірінен қашқан бірі. 

Ешкімге жетер емес 

Тәңірдің тасқан нұры... 

Сіз бен біз де қашамыз... 

Қалған күйіп жанымызды 

жасырып, 

Жалған күліп шымылдықты 

ашамыз. 

Қарасаңыз, қос жартылық бүтінбіз, 

Шын мәнінде, баяғыша – 

Жартымыз. 

Жолымыз – мұз, 

Алдымыз – құз, 

Терең жыра – артымыз. 

Сонда қайда барамыз? 

Сүмбіленің суығындай уілдейді арамыз. 

Шалажансар шоғымызды үрлейміз, 

Сөнбеген соң, 

Шалажансар жанамыз, 

Тек осыған келетіндей шамамыз, 

Бір күндері сөнетіндей шаламыз... 

Жаңа Күз кеп, өзгертсе екен бәрін де!52 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Жуылса екен ішкі мұңым 

Мына кір-кір жаңбырмен, 

Сөнетін шоқ сөнсе екен. 

Қараңғыдан қорқудан да қалдым мен...53 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Күз келгенін бақтан байқа, 

сары алтынмен апталған, 

Тағы сабақ, телехабар, тағы сөздер...жатталған. 

Тағы да үміт, 

Тағы күліп...сізді сұрау ақ таңнан, 

Жаным менің жапырақ боп көшелерде тапталған... 

Таптап жатып, «асқан бақыт» тілеп едің әрқайсың... 

Кім біледі, тағдыр алда тосады әлі қандай сын? 

Түзілмеген жырың мен ем, 

Күзіңменен арбайсың, 

Алтын қала! 

Жарқылдама, алдайсың ғой...алдайсың. 

...Ішінде жүрмін сіріңке толы қораптың, 

Үстінде тұрмын түйіскен тоғыз тораптың 

Тағы да сөнді, 

Тағы да сөнді жолақ Күн... 

Бұл жолақ күнге мен бір-ақ сәттік қонақпын. 

Қонақпын Сізге! 

Қонақпын Күзге... 

Сол-ақпын...54 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

ТЕК ТҮНДІ СҮЙЕМ... 

Адамдар жүр ғой. 

Сырттары – бүтін, 

Іштері – түтін, 

Қабығы – үй. 

Қабықта тұрып, талғайды емес пе 

тағы күй?... 

Менің көңілім – сіз үшін енді 

жабық үй. 

Тек түнді сүйем, қара болса да, 

Қаралығы үшін табиғи. 

Жаралы мүсін – 

Венера қыздың жабық көзінен 

мұң көрем, 

Мен оны бұрын бейбаққа теңеп 

жүрген ем, 

Сөйтсем, сезімнің жолында өлу – 

Бақыт екен ғой сөз жетпес! 

Қайғымнан бүгін қуаныш таптым, 

Түннен мен бүгін нұр көрем... 

Түрленген әлем, 

Жырланған көктем, 

Ұрланған Күнім өзімнің – 

Түн болып барып тұнып қалыпты 

Қарашығына көзіңнің...55 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Табиғи түнді сүйе тұрсам да, 

Жасанды сені жек көріп, 

Жападан-жалғыз, 

Қабығыма кіріп, көз ілдім...56 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Жаттасам да бір Алланың сөздерін, 

Сайтан маған үйретіп ед өзге ілім. 

Періштенің лебізіне мас болып, 

Өбуші едім Ібілістің көздерін. 

Күнәһар да, әсфия емес, 

Білсеңіз – мен кезбемін. 

Айкезбемін. 

Кезбемін... 

Күндерімде Күнге апарып халықты, 

Түндерімде мекен еттім табытты. 

Таусылмайтын кездесу мен қоштасу, 

Бақыт менен қашудан да жалықты. 

Сізді көрдім. 

Сезімім бе, сорым ба? 

Қаны тамған өз жүрегім – қолымда. 

Өзіңізге келіп тұрмын, Жалғызым, 

Өмір салған ұзақ жолдың соңында. 

Мен әлемге мұндай болып келмедім! 

Жоғалайын...әбден, әбден 

ластануды күткенше... 

Тіл қатыңызшы! 

Су беріңізші? 

Шөлдедім... 

Су емес, жо-жоқ, у беріңізші, 

бүйткенше.57 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Соңымда менің өлеңім қалса болғаны, 

Қуанбасым хақ қалқиған қалақ тас қалса 

Қуанарым хақ, жырдың үстіне жас тамса, 

Сіз үшін басқа, бақытты өмір басталса. 

У беріңізші?!... 

У беріңізші бір тамшы, 

Бір кезде мені сүйгендігіңіз рас болса.58 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Оңаша қалсам – өзімді, 

Кездесе қалсам – көруші көпті де алдаймын... 

Есеңгіреткен ең ауыр соққыдай Қайғым! 

Қол созым жерде жүрген өзіңді 

жақсы көре алмаймын, 

Ең сұмдығы – жек көре алмаймын... 

Сезіне алғандығы үшін 

Жүрегіме артайын несіне мін? 

Қайғының қара теңізін кешіп өтем деп, 

Тайынбай шешінемін... 

Сен жағада қал! 

Бақытымды – мұң қылғаның үшін, 

Жігерімді құм қылғаның үшін 

Мен сені кешіремін! 

Күтуменен жүргенде келер күннің, 

Жаңа күннің жайдары, жылы таңын 

Кім білген тағы мылқау түн ұтарын?... 

Алдаған арманым үшін, 

Осынау жағалауда қалғаның үшін 

Мен сені ұмытамын! 

Тәп-тәтті Қайғым менің! 

Қатыгез, бөтен...әрі таныс қайғым! 

Жел болып шаштарыңнан сипамаймын, 

Үміт боп үрейіңмен алыспаймын, 

Баянды бақытыма жету үшін 

Мен сенен алыстаймын.59 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Жалаңаяқ жағаның шағал тасын 

Езгілеп, сен еңіреп ән айтасың... 

Мен жүзіп кетіп барам... 

Сен мені жоғалтасың...60 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Аспаннан Күз жауып тұр. 

Мен сені ұстамаймын. 

Аспанды Түн жауып тұр. 

Өршіген тұста қайғым. 

Бәрібір мендік емен, 

Мейлі, өзіңді жүз жерден қызғанайын... 

Атып тастап едім бе, 

Болса егер қосатарым? 

Аймалайтын едім бе, 

Мүмкіндік болса тағы?... 

Бәрібір мендік емен, 

Мен сені бостандыққа...босатамын. 

Тағы да естіп тұрмын 

Сол әнді... 

Жоқ, жаңбырдың тысыр-әнін. 

Құдай-ау, қандай дертке ұшырадым? 

Мен бүгін тым төменде қалсам дағы, 

Сені тек шырқау көкке ұшырамын...61 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Жақынымнан алыспын, жатқа – жатпын, 

Жүрегімді, сенсеңіз, сақтамаппын... 

Көйлегіне, көркіне мақтанатын 

Көбелекпін – көзсізбін – ақ қанатпын! 

Көбелекпін, бас тартқан гүл-дүниеден, 

Алғашқы емес, соңғы рет «сүйдім» деп ем... 

Сүйген жоқпын, соңғы рет күйдім, білем – 

Ашық алау басында би билегем... 

Сезім боп бұл би әлде келіп пе еді? 

Бұрынғыдай көңілім желікпеді... 

Өртеп жатыр өзімді, өлеңімді 

Өмірімнің кездейсоқ кейіпкері. 

Кейіпкерім, көк оттан көз алмаған, 

Кейіпкерім, бақытқа төзе алмаған, 

Өрте мені – көңілсіз көбелекті, 

Қанатының күйгенін сезе алмаған. 

Күзгі бақта... 

Күл боп ұшқан ғұмырым сайрандар да, 

Гүлдерім жайраңдар ма? 

Әлі де жаңбыр күтем... 

Тек, Күні өлген көбелекке 

Жаңбырдан қайран бар ма?62 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Үлбіреген жұп-жұқа жібек емес, 

Жуылып, өңі кеткен шыт аспан. 

Ай. 

Түн. 

Қазір жапырақпын. 

Иісім де – исі кепкен жапырақтың, 

Мына Күздің жаныммен тұтасқаны-ай!... 

Үзілген өкінішім 

Мекен еткен жерінен ұшып, қонар 

Жерге. 

Жылдарым жыл құсы боп, 

Мекен еткен үйінен ұшып барад. 

Мен де... 

Дәл қазір мекенім – тек тәнім ғана, 

Дәл қазір қорғаным – тек тәнім ғана. 

Не деген жалаңашпын! 

Санам – аш. 

Мұң... 

Сұп-суықпын. 

Мына Күзбен мәңгіге араластым. 

Жау емеспіз бірімізге – біріміз, 

Жар емеспіз бірімізге – біріміз, 

Бар емеспіз бірімізге – біріміз, 

Енді «біз» жоқ... 

Бақытты өмір сүріңіз!63 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

МӨЛДІРГЕ 

Шығатын жол таба алмай, 

Көмекке шақыратын жан таба алмай, 

Тұщымды ой таба алмай, 

Жүйткіп келе жаттым да, 

Мен кенеттен 

Тығылдым күресінге. 

Сырласым-ау, ақылдым, 

ақылшым-ау, 

Сен соны білесің бе?... 

Күресін ерігенше 

Мен қатып қалардаймын. 

Ойдағы мың сауалға бір жауап 

таба алмаймын. 

Тағы алдаймын өзімді... 

Бір білерім – дәрменім түгесілді, 

Қала алмаймын! 

Жеңе алмаймын күйзеліс – күресінді... 

Сен кеткенде жұлдыз емес, 

Сөнген еді бір Күн. 

Содан бері мың жыладым, 

мың құладым, 

Күлдім. 

Мағынасыз күндерімді сүрдім, 

Мендік емес бір адамды сүйдім...64 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Бұл өмірдің мәнсіздігін менен ерте ұққан 

Сен расында ақылдысың, 

Сіңлім!... 

Енді, міне, тіреліп күресінге, 

Мәңгілік пен жалғыздықтың 

бірін таңдап тұрмын...65 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

МӨЛДІРГЕ 

Аурухана. 

Түсіме ендің бүгін сен. 

Берер ем ғой барымды да...жоғымды 

Өңімде сен тірілсең... 

Жүзіңнен – нұр, тіліңнен - жыр төгіліп 

Тұрушы едің... 

Дәрігердің ақ халатын киінсең. 

Ақ халатты, ақ қанатты періштем! 

Енді орын алдың ба екен пейіштен? 

Жиырма төрт жыл... 

Неге сонша қысқа болды ғұмырың, 

Неткен аз ед дәм мен суың сен ішкен?.. 

Бар адамға төгуші едің мейірім, 

Ақ халатты атанам деп абзал жан. 

Дүниеге сыймады кең пейілің, 

Аққу құсым, арманынан алданған... 

Аққу құсым, үйірінен адасқан, 

Аққу құсым, сыңарынан көз жазған 

Болғанымен Жер беті кең, Көк – аспан, 

Жалған екен расында да, беу, жалған!...66 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Айтқаным, Ана, ән бе еді? 

Арманым асқар тау ма еді? 

Сол таудан бүгін құладым, Ана – 

Жер бетінде ұстап тұрған жан мені... 

Соғылды тасқа басым көп, 

Жүрекке тұнған жасым көп, 

Бірақ та, Ана, сен барда 

Жылауға менің хақым жоқ. 

Қирады айна-сезімім, 

Қалмады тағат-төзімім. 

Ал мен сен үшін 

Жердегі көлеңкесімін бақыттың, 

Бәлкім...бақыттың өзімін... 

Сол үшін әлі тірімін... 

Сендік өмірдің гүлімін, 

Өзің сыйлаған жарық әлемге 

әлі ғашықпын, 

Жан-Ана! 

Әрі сәулелі, жылымын... 

Жылымын, әлі әлемді талай 

жылытам! 

Алдымнан күліп атар да менің 

жылы таң... 

Мейіріміңнің тал бесігінде тербеліп, 

Тәтті әндер тыңдап өскенімді қалай ұмытам?67 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Айтқаның, Ана, ән бе еді? 

Арманым менің бар ма еді? 

Бауырыңа басып, маңдайымнан иіскеші, 

Жер бетінде ұстап тұрған жан мені...68 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

АҒА 

...Жүректі тілгілесе пышақтай мұң, 

Сіз үшін түк емес-ау «ұсақ» қайғым! 

Өмірді іңкәрлікпен өле сүйген, 

Мен Сізді ешкімге де ұқсатпаймын. 

Жақсылық әкелсін деп келер ай, күн 

Сыртыңыздан дұға ғып, 

Қасыңызға тым жақын келе алмаймын. 

Адамзаттың барлығын сүйесіз Сіз, 

Ал мен Сізді ешкімге бере алмаймын... 

Көңіліме ұя салған қарлығашым, 

Сен мәңгісің, 

Сен мәңгі бар боласың! 

Тағдыр атты тар жолда мың сүрініп, 

Тағы да Сізге келем арып-ашып, 

Менің Сізге, себебі, жаным ғашық... 

Жаным, мейлі, жаншылсын, 

Бола берсін басымда ұсақ қайғым! 

Қазақтың Рухы болып Сіз тұрғанда, 

Сіз тұрғанда мен қалай ұсақтайын?...69 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

«МЕН СЕНІ ОЙЛАЙТЫНМЫН...» 

«Төменге қонбайтұғын тәкаппар қыран ғой деп, 

Мен сені ойлайтынмын, таусылмас жыр-ән ғой деп... 

Жалынның барлығына күймес деп ойлайтынмын, 

Саусағы әр бұрымға тимес деп ойлайтынмын...» 

Ақұштап Бақтыгереева 

Бұл ән – 

Менің көз жасым, 

Сүртілмеген... 

Бұл ән – 

Менің жүрегімде қорғасын 

Бүлкілдеген. 

Бүлкілдеп тұрмас мәңгі 

Көшеді бір күн менен. 

Үніңді қайтсем екен... 

Үлпілдеген?... 

Үлпілдеген, 

Айшықтап мына әлемнің ашық түсін, 

Тек ғашық жан екенін бақытты шын 

Сезе білген, 

Сезініп, сол азапқа төзе білген 

Сен де мендей, Гауһар-қыз, ғашықпысың? 

Ғашықпысың?... 

Ендеше, таныс саған – 

Жалғыздық, күндердегі қауышпаған,70 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Құлазу – қуанышқа ауыспаған 

Тәтті арман, тәтті кештер, тәтті елестер 

Бұл күні алыстаған, алыстаған... 

Алыс маған... 

Тәптіштеп қайтем бәрін? 

Ол – жылы алақан ед қар ұстаған 

Мен – қар едім... 

Бар едім. 

Тоңбайтынмын. 

Бар әлемге нұрлы әуен жолдайтынмын, 

Мен де Оны ойлайтынмын...71 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Өлең емес, қағаз беті – жол-жол мұң, 

Мен соңында кетіп барам сол жолдың. 

Ештеңеге білдірмеймін өкініш, 

Өмірімде Сен болдың. 

Білмеймін, бұл жолмен қайда жетемін? 

Бір қолымда – гүл жинаған етегім... 

Өкінбеймін, сезіндірген Сен болдың – 

Сүю қандай, сүймеу қандай екенін. 

Мен әйтеуір жүріп барам, 

Көлеңкемнен қалмастан 

(Жалған арман шалғайына 

бұдан былай жармаспан!) 

Өкінбеймін, Сен болмасаң қалар ма ем, 

Бақытымның сырын ұға алмастан? 

Енді бақыт жоқ. 

Ол да өткінші. 

Таусылды. 

Бұдан былай сағынбаймын даусыңды 

Дір етпеймін, ұстай алсаң білектен 

Жырларымды арнамаймын жүректен. 

Қағаз беті айғыз-айғыз...сүттей мұң. 

«Шаңыраққа шаттық алып 

келем мен», – 

Деп, қиялдың бесігіне бөленген 

Сәбиді де күтпеймін.72 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Кеңірдекке өксік келіп кептелді. 

Бәрін айтып қайтем? 

Болдым. 

Мен болдым. 

Өмірімде Сен болдың...73 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Емес еді ол ғашықтық, 

Емес еді үндестік. 

Емес еді ол тіпті жастық, 

Емес еді білместік... 

Біз әйтеуір өзімізді алдаумен, 

Алдауменен.... 

Алданумен күн кештік. 

Әлі тамыз. 

Тамызады жұпарын 

Үлгерместен сарғайып, 

Жапырақтар ұшады 

Жерге жайып құшағын... 

Неменеге өкінем мен, 

Неменеге құсамын?... 

Құлазыған көңіліме медет 

тауып өлеңнен, 

Бәйтеректі бақытыма теңеген 

Қалдырам да, 

Ұша берем....Ұшамын 

Үзілудің табын таппай денемнен, 

Тек жанымның ауырғанын сезем де... 

Жапырақтың үзілуі, 

Жанымды жалғыз тамшыға 

айналдырып 

Кірпігіне Күз ілуі74 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Жел соғуы, 

Сең соғуы, 

Һәм соғуы жүректің – 

Бәрі-бәрі сенің ғана бұйрығың, 

О, Құдырет! 

Тілек мың...75 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Ояндым, 

Тым тәтті түс көріп... 

Бояндым. 

Барамын жұмысқа. 

Бояудың табиғи көркімді 

Бұзғаны дұрыс па?... 

Мен ғана емеспін қираған арманы... 

Телефон! 

Құлағым алдады. 

Сіз, сірә, ешқашан соқпассыз... 

Сең соққан сезімім таңдағы. 

Аш күндер келеді тойдан соң, 

Ащы жас келеді ойдан соң 

Адамдар мәңгі емес болған соң, 

Мәңгілік ештеңе жоқ шығар... 

Ендеше, өкпе айтып жалғанға, 

Жоғалған бақытты іздеуде 

мән бар ма?... 

Құстардың қанаты берілген самғауға, 

Пенденің ғұмыры – біреуге арнауға... 

Мен Сізге арналып жазыла 

бастаған кітап ем, 

Жыртылып қағазым, таусылды сиям да. 

Сөйлемдер қалды тек 

Сыйынып күмәнға.76 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Күнәм да, тәубем де өзімде – 

Дәл осы қалпыммен әлемге сыям ба?... 

Әлемді – әдемі ән деп ем, 

Сіз салған әуенге еліткенде, 

Ертегі – бақытым ерткенде, 

Еріткенде нұр-лебіз жанымды, 

Барымды ұмытып кеткенде... 

Түс екен мұным. 

Ояндым. 

Әлгі Нұр-бейнені телідім елеске. 

Осы өмір – үлкен түс емес пе?...77 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Көп көргеннен сұрармын, 

Көп белеске шығармын. 

Кей сұраққа келгенде 

Күмілжумен тынармын... 

Көрінгенге ұнармын, 

Күйінгенде...жылармын... 

Күлермін... 

О, Өмір! 

Мен өзіңе құмармын. 

Мен өзіңе іңкәрмін – 

Жапырағы жыр-талдың! 

Жазылмаған хаттарды 

Жүрегімде жыртармын... 

Әр деміңді сезініп, 

О, Өмір! 

Сені мәңгі шырқармын. 

Ән ғып сені шығардым, 

Гүл ғып сені жұлармын... 

Фәниге екі келмеспін, 

Бақида екі туармын... 

О, Өмір! 

О, Өмір... 

Сені қашан ұғармын?...78 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Бар адамға берілгені – бір өмір. 

Кейбіреулер бұл өмірде шіреп жүр, 

Ал біреулер біреулерді сүйеп жүр. 

Кейбіреуге соқыр тиын зар болып, 

Енді бірі ақшадан қар күреп жүр. 

Біреулер жүр біреулерге ғашық боп, 

Біреулер жүр біреулерден қашық боп. 

Біреулер жүр теңіздейін тарылып, 

Бір кездері тасып, тасып, тасып боп... 

Біреулер жүр ар-ұятын қамал ғып, 

Ал біреуге қажет емес адалдық. 

Өмір – күрес. 

Тайталасқан Күн мен Түн, 

Ақ пен Қара, 

Жақсылық пен жамандық. 

Өмір – күрес. 

Біз де мұны білеміз. 

Жығыламыз, сүрінеміз...жүреміз, 

Аңыраймыз, еңірейміз, күлеміз 

Айқайлаймыз, абалаймыз, үреміз... 

Жек көреміз, өлтіреміз...сүйеміз. 

Бәрібір де бір-ақ өмір сүреміз. 

Сабаламыз, қағыламыз крестке 

Сағынамыз, түскенде өткен күн еске.79 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Жоғаламыз – үзілгенде ақтық дем, 

Дәл сол сәтте толастайды күрес те. 

Қоғамдағы сылдыр сүт те, қаймақ та 

Кездеседі. 

Ғаламат бір аймақта. 

Бәрімізде өлшеулі бір ғұмыр бар, 

Маңыздысы – жолығамыз қай жақта?...80 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

...Қар боп ұшып келемін. 

Қалаған жел үрлейтін 

Қалаларда ғана өмір сүрмейтін, 

Далаларды, балаларды...молаларды 

құшақтап 

Қыстың биін билейтін 

Қар боп ұшып келемін, 

Ешкімді де сүймейтін... 

Қырау боп кеп, терезеге гүл сыздым. 

Бұл өрнектер – сезіміңіз кіл Сіздің! 

Ал менде жоқ сезім, жүрек... 

рахат-ай – 

Соқырмын һәм тілсізбін... 

Әдемімін. 

Әппақ нұрдан келбетім. 

Әппақ мұңмен аралаймын Жер бетін 

Менің дәмім – судың дәмі, 

Тең келмейтін еш ащың, 

Тең келмейтін шербетің, 

Менің мәнім – тазалықты тербету. 

Неге бұлай? 

Біле алмадым себебін. 

Мен ғайыптан жаратылдым, 

Жоқ ешқандай дерегім, 

Жоқ ешкімге керегім...81 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Мен суықтан қорықпаймын, 

Себебі, өзім суықпын. 

Аспан жақта туыппын, 

Көктем – шақта өлемін... 

Ал әзірше шыр көбелек айналып 

Қар боп ұшып келемін...82 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Жарық дүние қараңғыға иілмес, 

Өлгендерді біз қалайша естиік? 

Шауып бара жатырсың-ау, үйірлес 

Жалған дүние – бес киік... 

Бес киіктің тек біреуін ұстасам, 

Қалған төрті бұйырмастан шашырар. 

Әр күн сайын сайтаныммен ұстасам, 

Ал қолымда...отыз үштің тасы бар, 

Ал басымда – қос мүшелдің жасы бар. 

Көздің жасы құрғаған жоқ, жуылды-ақ, 

Көріп тұрмын шаң жұқпаған шашасын 

Бес парызым, бес киік боп зуылдап, 

Көз ілеспес шапшаңдықпен қашасың. 

Қиын, сірә, қараңғыға илану, 

Біз әзірше ішіндеміз жарықтың. 

Ібіліспен ілініскен Иманым, 

Мен өзіңмен қауышуға зарықтым!...83 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

«Қап-қара түн. Шегір көзді жындар жүр. 

Қап-қара түн. Қайғы мен қан ойнап тұр. 

Қайғы менен қара қанға тұншығып, 

Түн баласы ауыр ойлар ойлап тұр. 

Қап-қара түн. Уақыт ауыр күтеді, 

Ой артынан ойлар келіп күтеді. 

Түн баласы көр көзінен жас төгіп, 

Күншығыстан бір пайғамбар күтеді...» 

Мағжан 

Көңілімді – мұң, 

Сенімімді – түн басып, 

Болғам жоқ әлі Күнге шын ғашық. 

Жүз қадам артқа шегініп, 

Алдыға қарай бір басып, 

Болғам жоқ Күнге шын ғашық. 

Қарашы Күнге! 

Жанарында оның тұр ма шық? 

Бұл – жауапсыз махаббат. 

Болғам жоқ оған шын ғашық. 

Күннен тусам, 

Мұнша суық болар ма ем?! 

Күнді сүйсем, 

Бәйшешектей солар ма ем?... 

Күнді сүймей, Кімді сүйгем, Тәңірім? 

Жүрегіме қонар ма ем? 

Жүрегіме, арқалаған ар жүгін... 

Бір өзіңе арнайтұғын жан гүлін 

Маған неге бұйыртпадың, Тәңірім, 

Күнбағыстың тағдырын?84 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Сонда мен де сәулеңменен сырласып, 

Жермен бірге жылуыңнан ұрласып... 

Болар ем Күнге шын ғашық, 

Боламын Күнге шын ғашық...85 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Гүл сияқтымын... 

Бөлме гүлі. 

Топырағым – көзеде. 

Терезеден телміретінімді, 

Өзімді-өзім сендіретінімді 

Күндердің бір күнінде кезігеміз деп, 

Анау Күнім сезе ме?... 

Жапырағымды тосып сәулеге, 

Жылу ала алмай 

Жаным әуреде. 

Жаным – аласапыран. 

Жаңаша тұрам, 

Жанарымды жұмып қарап жарыққа, 

Мен – гүл сияқтымын. 

Тәнім топырақ-табытта... 86 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Өкінішті-ақ, бұл көрініс, аяулы-ақ... 

Көкжиекке Күн батады баяулап. 

Адамдардың тағы да бір Күні өлді, 

«Күнім өтіп барады» деп жылаған... 

Күнмен бірге сөнді армандар бір күндік. 

Біз де Күннің санасында ұмытылдық 

«Күнмен бірге тууға бер мүмкіндік»! 

Тәңірімнен мен осылай сұранам... 

Түн құшағы. 

Сәті, сірә, құптанның. 

Мен осынау алмасудың мағынасын ұқпадым: 

Күн боп батқан армандарым бар еді, 

Күн боп қайта көкжиектен шықпады... 

Ширек ғасыр Күнді көрдім, өкінбен, 

Өмір мені сүйді талай бетімнен 

Сол бетімнен шапалақпен ұрды мың, 

Жиырма бес жыл болған менің бір күнім... 

Бүгін – менің туған күнім...87 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

«Тау өзені тентек қой, тасып жатыр...» 

Мұқағали 

Сонау шыңның басында нақ тұрағы, 

Тау өзені тентек қой, ағын – күші. 

Сандық, қобди тастарды лақтырады, 

Тек өзіне жол салып алу үшін. 

Менде байлам жоқ, сірә, сенде – тоқтам, 

Талай саған мұң болып жұтылып ем... 

Буырқанып, бұрқанып бірге соққан 

Алпыс екі тамырдың лүпілі ме ең? 

Күре тамыр, өзенім, өзіңсің ғой 

Ақын айтқан «сулардың гөзелі» деп! 

Тау өзені, сен – мендік сезімсің ғой, 

Ауысар толқын-толқын кезегі кеп. 

Сондай-ақ, Ақын бекер атамаған 

Өмірді - «өзен», «таудың өзені» деп... 

Жал-жал толқын ауады, жыл көшеді, 

Сонда да алға қарай талпынарсың 

Бәрібір Күн өшеді. 

Біз де өшеміз... 

Тау өзені, сен дағы сарқыларсың. 

Сақыр-сақыр қайнаған мұз дәмді су 

Мен түсінер бір тілде үн қатады, 

Үн қатады, жүректі жырлатады... 

Бұл жыр туған тек алға асығудан!88 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Айналдым сен сияқты асылымнан – 

Тәңірімнің көз жасы жасырылған... 

Жартылай жас, жартылай тентектіктен 

Жаратылған жаныңды ұнаттым шын! 

Тау өзені, мен сенен ертек күткем, 

Ал сен...маған ұқсайтын сияқтысың...89 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Жанымның оты жанары анық. 

Бірақ, Сіз оны білген жоқсыз да... 

Қара киімге оранып алып, 

Күлкі таба алмай жүрген жоқсыз ба? 

Қараңғы үйге қамалып алып, 

Шырпы таба алмай жүрген жоқсыз ба? 

Қараңғы түнде адасып қалып, 

Жолды таба алмай жүрген жоқсыз ба? 

Оң менен солдан шатасып қалып, 

Қолды таба алмай жүрген жоқсыз ба? 

Талайлар жүрген тікенді соқпақ 

Жүрекке ине қадады ма екен? 

Сіздің де көзден менікіндей боп 

Жаңбыры жастың ағады ма екен?... 

Қайғыдан, жастан, күйкі тірліктен 

Құтылып, мәңгі жай табу – анық. 

Періштең – анық 

(Сүйкімді неткен!...) 

Сүйкімсіз неткен – 

Сайтаның анық. 

Адам пайғамбар киімсіз кеткен 

Жерге менің де қайтарым анық. 

Осыны ойлап, Сіздің де көзден 

Тамшысы мұңның ағады ма екен? 

Қараңғы түнді шырпысыз кезген 

Бауырым қайда барады екен?...90 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Уақыт бізді ауыртады алдымен, 

Содан кейін емдейді... 

Сағаттары санаулылар ешқашан 

Еш нәрсені көрмейді. 

Естімейді шақырылған азанды, 

Түсінбейді саз сыңсыған кернейді. 

Ал уақыт мәңгі. 

Ол бар жерде заман бар, 

Замананы Аллаһ қана тәмамдар. 

Бұл уақыттың барлығы хақ, 

Сөйтсе де, «уақытым жоқ» дей береді адамдар... 

Уақыт жапты сезімдердің қақпасын, 

Сенім ұқты бос уақыт таппасын... 

Дегенменен, ол әлі бар! 

Сізді Аллаһ уақытыңыздың бітуінен сақтасын! 

Уақыт жоқ тек адамдарда жаны мұз, 

Демесім хақ: «жолыңыздан қалыңыз»! 

Бірақ, мынау күйбең күннің ішінен 

(Аса қиын болмасын да түсінем), 

Бір уақыт табыңыз... 

Не үшін бе? 

Әр сызығы өлшеулі дүниенің 

Шықпау үшін шетіне, 

Раббыңызды еске алып, 

Бауырыңыздың күліп қарай алу үшін бетіне.91 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Ғұмыр – қысқа... 

Соншалықты созатындай уақытыңыз 

көп пе еді?! 

Жанайқайым Сізге қалай жетпеді?... 

Сырқат рухпен сылтып басып жүріп-ақ, 

Уақытқа боламыз-ау өкпелі. 

Уақыт – емші. 

Уақыт емдер. 

Алайда, жазылар ма жанымыздың дерттері?...92 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Той тарқады. 

Жауды жаңа ақша қар. 

Жыл келгенмен, ғұмырын кім жақсартар? 

Айна алдында жасанды аппақ бұрымын 

Тарқатады Ақшақар. 

Тарқатады ол тәтті қылып қылығын, 

Ақшақардың күні – күлкі, түні – мұң... 

Жасанды шаш шешілген соң жайылған 

Кім сипайды түндей қара бұрымын? 

Тамағына өксік тығып тентек түн, 

Қар-кірпігін көтереді ол әнтек тым... 

Бар адамға сыйлайтұғын қуаныш, 

Кейіпкері «өмір» деген ертектің... 

Бір-ақ түнге сол ертектен ұрландың... 

Жаңа жыл – 

Сен өлген күн де, туған күн... 

Үйімізде мереке боп жатқанда 

Ақшақар-ау, сен неліктен мұңдандың? 

«Аяз» деген атасының жалғызы, 

Шыршалары нұр жасанған бал қызы 

Мұз жүрегің еріп кетсе қайтесің, 

Жыламашы, Қар қызы! 

Қалада – қар, далада – қар, бақша – қар. 

Жыл келгенмен, ғұмырын кім жақсартар? 

Мереке де өмір сынды өткінші, 

...Айна алдында жылап отыр Ақшақар.93 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Балауыз шам... 

Балы бар денесінде, 

Жаны бар Нұрға ғашық. 

Сенесің бе? 

Өзін-өзі өртейді махаббаты. 

Раббым, мендік 

Жылуды сезесің бе?... 

Қара түнде адаспауға ант етіп, 

Қолыма жылап аққан шам алғанмын... 

Қара аспанда жасын болып жарқ етіп, 

Жүректерге сәуле боп таралған Мұң! 

Мәңгілік махаббатты тәрк етіп, 

Мен қалай жоғалғанмын?!... 

Мейірімің түскендіктен ғана қайта 

Оралғанмын... 

Мейіріміңді жырлаумен, ғұмыр берсең, 

Әнімді тәмамдармын. 

Әлмисақта, өйткені, мен Өзіңнің 

Сеніміңнен, 

Сенімдім, жаралғанмын... 

Балауыз шам 

Қолымда қалтырайды, 

Балы бар денесінде... 

Жаны бар Хаққа ғашық жануардың да, 

Жиналған Нұқ пайғамбар кемесінде.94 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

...Түннен кейін таң келерін білгенмін, 

Жөргегінде жылап жатып іңгәлап, 

Мен Өзіңді сүйген күн. 

Мендегі іңкәрлікті сезесің бе?...95 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Қасаңды бұзған қар гүлі 

Көкпеңбек болып, тоңады... 

Менікіне ұқсас тағдыры. 

Жүрегім болып соғады 

Көктем. 

Қыс бойы қатқан көз жасым 

Тамшы боп еріп, ағады 

Қаламыменен қорғасын 

Кеудеме сурет салады 

Көктем. 

...Сағыныш кезген Көк пенен Жерді, 

Көктеген үміт жапырақ болып. 

Қауырсын-қанат Көктемім келді, 

Хатымды Хаққа тасымақ болып... 

Мекенің – бөтен, белгісіз – жайың, 

Хатымды жазған алмасың анық. 

Сыңсиды менде сенгісіз уайым, 

Жүрекке үнсіз жайғасып алып... 

Топыраққа келіп тигенде тамшы, 

Жұпарың болып аңқыған Көктем!... 

Өтінем Сенен, хатымды алшы, 

Жасын боп жанды шарпыған 

Көктем... 

Мекенің – ғайып, белгісіз жайым... 

Сыңсиды менде сенгісіз уайым. 

Хатымды оқы, жүрегімдегі! 

Сәждеде жылап, алақан жайдым...96 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Жаулығымның астында 

Жасырылған шашым бар, 

Кірпігімнің түбінде 

Үйірілген жасым бар 

Тән көмкерген жанымда 

Құпиям бар керемет, 

Қолдан келсе, ашыңдар! 

Көздерімде тым үнсіз 

Қара түсті жарқыл бар 

Қаным ойнар тынымсыз... 

Танылмаған парқым бар! 

Менің нәзік әнімді 

Тек сүйіскен жар тыңдар 

Қыпша белім көтерер, 

Жүгің бар ма? 

Артыңдар! 

Желең жапқан сыртынан 

Алтын қынды қылышпын, 

Сөз ерсе де сыртымнан, 

Мен ішімде – дұрыспын. 

Өзіңмен де көзіммен 

Һәм жырыммен ұғыстым 

Сұлулығы – қол жетпес, 

Аруымын Шығыстың!...97 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

«Дүниеде жалғыз қалмау екен ғой, 

Аққулардың арманы...» 

Кәкімбек Салықов 

Жоқ! 

Сенбеймін! 

Жай ғана бұл ән шығар... 

Айдын-көлге маржан-жасым тамшылар... 

Аққуларда бағзы кие қалған жоқ, 

Аққуларды ата беред аңшылар. 

Мөп-мөлдір көл мөлдір мұңмен жуылды... 

Неткен таза, неткен нәркес туынды! 

Бірақ, бұл тек ән боп қалған бір аңыз, 

Аққуларда адалдық жоқ бұрынғы... 

Сыңсымайды ол, айырылса сыңардан, 

Аққу – арман, ән де арман, жыр – арман... 

Ақ ұлпаны қарша шашып арсыз түн, 

Айдың нұры аймалайды, 

Шыққанынша құмардан... 

Таныс дауыс естіледі, 

Аққу-мойным бұрылды... 

Сол баяғы ән екен ғой...бұрынғы... 

Айдын көлмен жүзіп кетіп барады 

Бағыты жоқ бұрымды. 

Ұғынсаң-ау сырымды, 

Сезінсең-ау жалғыздықтан аласұрған түнімді... 

Айна-көлге, ақ жүзіме қараймын, 

Қанатымды әлсін-әлсін тараймын...98 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Бұрынғыдай ақ болмаймын, 

Пәк болмаймын енді мен... 

Бәрібір де... қазынасы сарқылмаған сараймын. 

Аққу емен... 

Гәкку емен... 

Сенбе мейлің, сен мейлің... 

Жүрегімде тірі жанға тән бір үміт өлмейді... 

Жылжиды аққу. 

Жылжиды өмір. 

Білесің бе, 

Менің де 

Дүниеде 

Жалғыз қалғым келмейді... 99 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

«Қандай бақыт – басқаны сүймегенім...» 

Күләш Ахметова 

Қандай бақыт қалаға қар жауғаны, 

Ақ ұлпалар – көңілімнің маржандары. 

Қандай мұңды – қар жауған құтты күні 

Жалғызым жоқ жанымда жалғандағы... 

Қандай мұңды – қардың да еритіні, 

Қандай мұңды – жардың да жеритіні. 

Қандай бақыт – көктемнің келетіні, 

Қандай бақыт – БАҚЫТҚА сенетінім!100 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Ару Күннің тарқатылып бұрымы, 

Ақ шымылдық арасына тығылды. 

Қайырлы таң, 

Ұлы Нұрдың сәулесі! 

Қайырлы таң, 

Күннің нәзік сынығы! 

Менің шашым түн-тарақпен таралған, 

Таң-тамаша әлем бейне ақ арман 

Ал жаным ше? 

Ол да, Сіздей, аяулым, 

Ұлы Нұрдың мейірімінен жаралған. 

Ұлы Жарық – Жылылық һәм Мәңгілік. 

Ұлы Ие – ол дегенім Тұтастық. 

Сынып, сынық сәулелерді ән қылып, 

Біздер қанша көктем астық, қыс астық?... 

Оңашада жалғыздықты сезініп, 

Жарты сәуле ғана болып оянып, 

Сынық сәуле күйіңде сол көз іліп, 

Өз жартыңды аңсау – қайдан туған күй? 

Бозінгендей боздап жаным, 

Айырыла алмай жанарыңнан жанарым, 

Бозала таң бұлттарының үстімен, 

Мен өзіңе ұшып кетіп барамын. 

Бұл не деген жұмбақ күй?101 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Ғашық болғым келмейді... 

Қорқыныштан, 

Көңілімдегі көгершін толқып ұшқан 

Құлдырар деп, келген кезде сағаты, 

Қайырылар деп көгершіннің қанаты. 

Ғашық болғым келмейді! 

Басталар деп әр күнім сені ойлаудан, 

Өзгерер деп тағдырым сол ойлардан, 

Шақырар деп тағы да шаттық мені, 

Алданар деп тағы да аяулы арман. 

Бір күні... 

Сен күткен 

Күн сөнеді де. 

Ендеше, бұл сезімнің керегі не?! 

Сезіміме тұтқын боп, кешкем бақыт... 

Бәрі өткінші. 

Бір куә - өткен уақыт. 

Жыртылды жырдың толған дәптерлері, 

Ғашық болғым келмейді... 

Өзіңді алғаш көрген сәттен бері...102 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Менің пердем сырылады әлемге, 

Терезеден Ай қарайды қияқты. 

Терезелер... 

Терезелер... 

Түнгі Алматы үйлері, 

Әрбір үйдің жүрегі бар сияқты... 

Әрбір үйдің жағып отын, шырағын 

Жан-аналар түнде дұға қылады 

«Балапаным аман жүрсе екен» деп, 

Қанат қағып кетсе дағы қыраны... 

Қиядағы қызын ойлап қамығып, 

Ұядағы ұлын жүрер мәпелеп, 

Терезенің түнде жанған жарығы – 

Сағынышын сездірмейтін әкелер... 

Терезелер... 

Терезесі үйлердің 

Естілетін ар жағынан күйлер мың, 

Ақ отаудың шымылдығын жамылып, 

Жасыратын құпиясын түндердің... 

Ғажап түндер... 

(Өмір ғажап сүйгенге...) 

Ал ғашыққа күту ауыр түннен де 

Сырын айтып, су құяды бір ару 

Терезенің алдындағы гүлдерге.103 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Ертең, иә, таң атады арайлы 

Атады таң, аппақ қылып маңайды. 

Ертең гүлдер мен боп сенің жолыңа 

Терезеден... 

Терезеден қарайды.104 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Саксафон мен гитараның дуэті... 

Сіз бен мендей бұлардың да мұңды үні 

Тым кездейсоқ, біз күтпеген бір күні 

Тамаша бір кеш түсті. 

Ес-түсіңнен айыратын бұл кеште 

Үстелімде құлап жатты гүлдесте 

Зал ішінде ұшып жүрді пырақтар, 

Жан-жағымда алаулады шырақтар. 

«Сыр ақтар» деп сыбырлады суреттер, 

Қабырғадан қарап маған... 

«Сыр ақтар» деп сыңсып тұрды саксафон... 

Тәңірім-ау, сезімің жоқ жаратпаған... 

Саз дауысын естігенде...дір еттім. 

Сіз және мен. 

Тавернасы гректің. 

Көне әуен...гитара да шалқиды 

Шанағына сыйғызып ап бар күйді 

Маған ғана таныс сіздің иісіңіз 

Кешкі ауада қалқиды. 

Маған ғана таныс сіздің көзіңіз 

Шуақ шашып жүрегіме тұр әлі. 

Бірақ, сол кеш қайталанбас. 

Ешкім де емес кінәлі...105 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Сені ойлауға мен тіпті тиіс емен... 

Сен де ойлама! 

Шашымнан иіскеме... 

Мен үшін жат сенің де иісің мүлде, 

Бұдан былай көздеріміздің түйісуіне 

Тиым саламын! 

Тиым саламын түсіме енуіңе де, 

Тиым саламын мені іздеп келуіңе де, 

Әр таң сайын әйнектен Күн боп қарап, 

Жаныма шуақ себуіңе де... 

Тиым саламын өзіме – сағынуға, 

Әр түн сайын шырақ боп жағылуға, 

Содан кейін кеткенше күлге айналып, 

Кірпік ілмей, төсекке таңылуға... 

Алайда, шын бақыт деп білетін күту деген, 

Өзіңді көрген сайын лүпілдеген 

Ұғудан бас тартатын күйін сананың, 

Жүрегіме... 

Қалай тиым саламын?106 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

«Ей, қалқа, сен маған жоқ, 

Мен саған жоқ...» 

Ыбырайдың әні «Алтыбасар» 

Жоқтығымызды білген соң, 

Жасты қайтеміз сығылған? 

Менсіз дүние сізге тән – 

Басқа гүлдермен құбылған. 

Мен болсам...мен де...мен гүлмін 

Басқа қолдармен жұлынған. 

Сағынушы едім бұрыннан... 

Сізді. 

Сағынғанменен, шықпайды екен шыбын жан... 

Сіз қайда жүрсіз? 

Білесіз. 

Мен қайда жүрмін? 

Алыспыз. 

Білесіз – бізден бөтенбіз, 

Тым жақын...әрі...таныспыз. 

Бұл неткен...неткен Күз болды – 

Кездесулері шалыс Күз. 

Өрелі менен Сөрелі арасындағы қарыс мұз...107 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Алабұртқан алаң көңіл жоғын тауып іздеген, 

Өзіңізді алғаш рет көріп едім Күзде мен. 

Алабұртқан албырт кеште алтын бақты аралап, 

Арманымда...сырласып ем Сізбенен. 

Қызыл көйлек, қызыл бешпент, 

қызыл-сары беретім 

Мен ғана емес, баққа да сән беретін. 

Аспанда да дәл осындай түс барын, 

Сұр бұлттың да Күн нұрына құштарын – 

Төбесіне қарай алған адам ғана көретін. 

Жүрегінде сағынышы бар жан ғана сезетін: 

Күзге әманда суық емес, жылылық тән екенін, 

Жылылықта ғаламат бір сұлулық бар екенін... 

Жыл құстары жылы үмітпен 

тастайтынын мекенін. 

Мен сонда алғаш ұғынып ем, 

Сағыныштың не екенін...108 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Жапырақ-жаным Күзге көмілді... 

Шандырын ғана сүйреген. 

Түсіп қалдым мен бізге көңілді 

Қоңырау таққан күймеден 

Қараша-жаңбыр тізбелер мұңды, 

Баяғы тірлік – күйбелең. 

Сенің шарқ ұрып іздегеніңді 

Мен қалай ғана білмегем?... 

Жаңбырға жорта табына қалған 

Қарашадағы кеш – дүлей. 

Қаланы қызыл табына малған 

Күн қайда кетті? 

Көшті ме, ей?! 

Қиялым көктем бағына барған 

Көңілге орнап ескі үрей... 

Мен неге, неге саңырау қалғам, 

Сағыныш әнін естімей?... 

Жырымды осы жарамды етіңіз, 

Болсын бұл – қызық әңгіме 

Жел болып қуып, маған жетіңіз, 

Дауылсыз өмір мәнді ме?... 

Көлеңке болып қараң етіңіз, 

Шам жағып берем әлгіге 

Ақыры, Сізден, аяулы өкініш, 

Көз жазып қалдым мәңгіге...109 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Күз. 

Әуежай. 

Жүрегімде жоқ маза. 

Мен қайтпекпін, 

Қазір сенің ұшағың кеп, тоқтаса? 

Біз неліктен жолықтық? 

Тағдыр егер бәрібір де қоспаса, 

Қазір сенің ұшатының рас болса?... 

Мазасыз Күз. 

Мағынасыз кешқұрым. 

Сен күліп кеп, жоғалып ед ескі мұң... 

Алпыс екі тамырыңды қуалап, 

Ойнап тұрған күйді неге естідім? 

Егер қазір ұшатының рас болса... 

Егер сенің басқа болса мекенің, 

Егер сенің анық болса кетерің, 

Көздеріме неге келіп қамалдың, 

Байқап қалып тым әдемі екенін... 

Сенсіз өтер жылдар енді. 

Сенсіз жылжыр күнім мың 

Бауырыңа тығылдым да, 

Бәлкім, соңғы...110 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Жылындым. 

Жалғыз тамшы жасқа айналып, 

Кірпігіңе іліндім.... 

Болу керек еді бәрі басқаша...111 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

АСТАНА – АРМАН... 

Алаш та алаш болғалы, 

Алаша атқа қонғалы 

Ала шұбар ту байлап, 

Алаш деп ұран салғалы, 

Бар қазаққа құт болар 

Астана еді арманы. 

...Қолымда менің Алтын Күн! 

Жерұйық іздеп, шарқ ұрдым, 

Ұлтымның болған аңсары, 

Арманы болған халқымның. 

Жерұйық тапсам жаһаннан, 

Дамылдар ма еді шыбын жан? 

Тең болар ма еді құбылам? 

Күлімдер ме еді кең Дала, 

Дидарында Мәңгілік мұңы ұйыған? 

Ғасырлар жүгін арқалап, 

Желмая міндім жырымнан. 

*** 

Желмаям сол сәт сілкініп салып, 

Тұлпарға айналды Ақтангер. 

Ақтангер мініп, Көк Орда бардым, 

Ер түрік қазық қаққан жер,112 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Көшпенді жұрттың көшпейтін асыл ордасы 

Алғашқы шамын жаққан жер. 

Жібек жолы Бұзыққа барып бас ұрса, 

Дешті-қыпшақ дарияда жүзген бақытын 

Сауран менен Сығнақтан тапқан жер. 

«О, Сығнақ! 

Қақпаңның мен шаңын сүртіп жылар ем, 

Қайта тусам, Сығнақта туар ем»,- 

деп жыласа шерлі шайыр Шамсуддин, 

Мен дәл солай тағдыр да бұзбас тас қорған 

қамалын сүйіп Сауранның, 

жамалын сүйіп жалғанның, 

Елесін қудым еліткен 

«Астана» атты арманның. 

Көк Ордадан көктеп шыққан бәйшешек, 

Ақ Орданың аманаты – нәурізек, 

Қасаңды бұзған қар гүлі – 

Армандардың жалғасы, 

Жаңарған ұлыс, ұлтымның жаңа тағдыры – 

Алғашқы Қазақ Ордасы. 

Алғашқы Қазақ Ордасы – 

Арқалығындай бесіктің, 

Қоңыраулы үні сыңғырлап, 

Тербеліп жатып, 

Азаттық жырын есіттім. 

Ордаға келіп бас тіреп, 

Көшпенділердің күймесі, 

Қаланған еді ең алғаш 

Қазақ елінің іргесі.113 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Хан тауына тәу еттім де, 

Ұлықтаған Жәнібек пен Керейді 

Жайыққа қарай ап ұшты мені Ақтангер. 

О, Сарайшық! 

Мына тарих сен жайында не дейді? 

Алтын Орда сұлтандары жатқан жер, 

Ақ Жайықтың жағасында 

Орналасқан пейіш пе ең? 

Есімнен қалған ескі жол, 

Қасымнан қалған қасқа жол 

Өзіңе келіп түйіскен. 

...Қанша мәрте күл болып өртенді екен, 

Күйіп кеткен жұртының өртеңінен 

Қанша мәрте көктеп, бас көтерді екен 

Бұл қазақ? 

Мың өліп, мың тірілген, 

Ұлт ретінде оянып қаншама рет, 

Қаншама рет еріксіз кірпік ілген... 

Бұл қазақ... 

Қиын-қыстау кезеңде астананы 

Арман еткен бір жұрт бар. 

Бұл – Созақ. 

Созылған Созақ даласы 

Түркістанға апарған. 

Беу, Түркістан! 

Қасиетті байтағым, 

Көкірегіңде тұнып жатыр саф арман.114 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Сенің тәнің – Қожа Ахмет күмбезі, 

Төбесіне қонған Айы таза алтыннан жасалған. 

Сенің жаның – бабалардың мұраты, 

Көне қалам, жылдан-жылға жасарған... 

Екі дүние есігісің, Түркістан! 

Ер түріктің бесігісің, Түркістан! 

Мағжан ақын жырлап кеткен киелім, 

Қазағымның несібісің, Түркістан! 

Өзіңнен шығып, Орынбор бардым, 

Орныңды көріп қайтайын. 

Елеске айналған астанам менен 

Еділдің зарын айтайын... 

*** 

Еділді алса – елді алар, 

Елді алмаған не қалар? 

Жайықты алса – жанды алар, 

Жанды алған соң не қалар? 

Ойылды алса – ойды алар, 

Ойлашы сонда не қалар? 

Арайна, билер, арайна. 

Арайна десем болғай ма? 

Арайнасыз әр қайда, 

Ердің ісі оңғай ма? 

Арайна болған Қазтуған 

Қайғыланып сонда толғай ма?...115 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Қолымда менің Жер шары!... 

Сол шардың үлкен бөлігі, 

Паһ, шіркін, неткен жерім кең! 

Кетсе де көзден, 

Кетпейтін мәңгі көңілден 

Орыны қалған Орынбор, 

Керегем едің керілген, 

Қабырғам едің сөгілген... 

Еділден ұшқан аққудай болып, 

Аралға жайдым қанатты 

Бойына Сырдың астана қонды, 

Тағы бір жаңа таң атты... 

Атқан таң сосын Алматы болып, 

Көңіліме күнін түсірді 

Өліара шақта Астана-Арманын 

Алатау жаққа ұшырды. 

Алматы – менің жайқалған жасыл 

Мәңгілік көктем, жас қалам. 

Алпыс тоғыз жыл салтанат құрған 

Оңтүстіктегі астанам! 

Алтын күн оған шапағын шашып, 

Қыран құс ұшқан көгінде 

Ақтангер-арман пыраққа айналып, 

Тігілген байрақ төрінде.116 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Көк аспан түсті 

Көк байрақтағы көрдің бе құсты? 

Қыран боп сонда ұшқанмын. 

Алматы – тұңғыш астанасы еді 

Тәуелсіз Қазақстанның! 

Алматы – менің аяулы қалам, 

Мәңгілік жырлап өтермін 

Уық боп көкке қадалдың дағы, 

Биік қып шаңырақ көтердің! 

Енді менің үйім бар, 

Отаным бар! 

От боп жанам, керек пе – от алыңдар! 

Енді менің туым бар! 

Ұлым да бар! 

Елін сүйген ұл барда, азатпын мен! 

Естимісің, беу, Дүние! 

Қазақпын мен! 

Қазақтайын халыққа 

Дархан дала берген, 

Жарқын сана берген, 

Төрінен орын берген, 

Өшпейтін өмір берген 

Жаратқан, саған бас ием! 

*** 

...Қолымда менің Алтын Күн, 

Жер-Ана болып толғаттым,117 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Қазақтың Арман-Астанасын апарып, 

Бәйтеректің төбесіне орнаттым! 

Сарыарқаның кеудесінде 

Бәйтерек боп бүр жарған 

Осы Астана – біздің арман, нұрлы арман! 

Талай ғасыр Сені аңсаумен келгенмін, 

Бабалардың тілегісің, 

«Ел» деп соққан жүрегімсің, Астана! 

Ақ Орда, Алтын Орда, Көк Орда емес, 

Ел Орда, ең соңғы Орда, Күн елісің, Астана! 

Азаттықты арман етіп егілген, 

Дәл осындай тойды аңсаған базарлы 

Ұлтыма Сен – дәру, Астана! 

Есіл, Нұра – қос бұрымы төгілген 

Он төртінде толған айдай ажарлы, 

Ару-Астана! 

Сені «Әлем қаласы» деп атады, 

Арманыңа бас иген әлем! 

Ақ бұлттарға жеткізетін шат әнім, 

Астана, сәлем! 

Бар тілегім – мәңгі-бақи жасағын! 

Менің аңсар-байтағым! 

Айбынына бас иген әлем, 

Астана, сәлем!...118 

ақ келін 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

АҚ КЕЛІН 

Әнін жазған: Гауһар Әлімбекова 

Бір-ақ күнде қуантып қос ананы, 

«Сыңсу» айтып, қыз-көңіл босағаны... 

Әлпештеген әкеңнің аппақ қызы ең, 

Ақ келін боп аттадың, 

Ақ келін боп аттадың босағаны. 

Аппақ гүлдей ағашқа жаңа біткен, 

Үлбірейсің...үміттен жаралып па ең? 

Басқа тойлар бастауы бүгінгі той, 

Бүгінгі той – қоштасу, 

Бүгінгі той – қоштасу балалықпен. 

Шауып кетіп барады құлын күнің, 

Сен бойжеттің, осыны ұғын, гүлім! 

Ақ дастархан үстінде ақ бата алып, 

Жаңа өмірдің ашасың, 

Жаңа өмірдің ашасың шымылдығын... 

Сәлем салып, басыңды ие бердің, 

Қолтығыңнан сол сәтте сүйген кім? 

Міне, сондай жеңгелер жолын қуып,120 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

«Ана» деген жақсы атты, 

«Ана» деген жақсы атты иемденгін! 

Ата-енеңді құрметте, отағасын, 

Берік қылып осы үйдің босағасын 

Ақ ниетпен отқа май тамызған соң 

Шаңырақтың шаттығы, 

Шаңырақтың шаттығы – от-анасың! 121 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

КӨКТЕМГІ ЖАҢБЫР 

Әнін жазған: Гауһар Әлімбекова 

Қалаға жаңбыр құйды... 

Жолыңа қарап тұрмын. 

Жолыңа қарап тұрмын, 

Тереземнен... 

Қоштасып сен кеткенде 

Дәл осындай көктемде, 

Дәл осындай көктемде 

Келем деп ең... 

Өтті, міне, көктем талай... 

Ұмыттың сен мені қалай? 

Жүзің – арай, сөзің – балдай... 

Күте-күте көзім талды-ай! 

Ал жаңбыр шелектеуде. 

Жылады теректер де 

Жылады теректер де 

Су-су болған... 

Сағыныш керек неге? 

Әйтеуір сол көктемде 

Әйтеуір сол көктемде 

Бір сыр қалған...122 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

АНАҒА АРНАУ 

Әнін жазған: Арқабек Қырықбаев 

Сен болмасаң, мен осылай шалқып 

жүрмес те ем, 

Сағыныштың не екенін, бәлкім, білмес пе ем?... 

Арналады саған терген жарқын гүл-дестем, 

Шықтың ба екен кірпік ілместен, ана? 

Ұйықтамаймын, көзіме түн жасырынсын, 

Сағыныштың мен бүгін өлшемімін... 

Сен менің ең ардақты, ең асылымсың, 

Ал сенің кішкентай бөлшегің – мен ғой, ана! 

Сен бәйтерек болсаң, жасыл жапырағыңмын, 

Сең кең дала болсаң, шалқар атырабыңмын, 

Сен қыран құс болсаң, нәзік балапаныңмын... 

Аман жүрші, ана, сағындым сені! 123 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

БҮГІН СЕНІҢ ТУҒАН КҮНІҢ 

Әнін жазған: Ержан Серікбаев 

Үнімен оның шыр еткен 

Ашылды да арайланып әлем есігі, 

Сезімдей туған жүректен, 

Тербетілді алтын айдар ұлдың бесігі. 

Қазақпыз ұлын «батыр» дер, 

Сүйіншісін жас сәбиге арнап жатыр ел... 

«Қабыл боп елдің батасы, 

Батыр бол» деп атын қойды оның атасы. 

Бүгін сенің туған күнің, 

Балапаным, Дәулетім! 

Өмір гүлім, сені бүгін 

Құттықтайды әулетің. 

Азамат бол, асқақтатар 

Азат елдің сәулетін 

Намысты бол, табысты бол, 

Жеңістің шаш сәулесін! 

Арманды жалғаған ұлым, 

Әрқашан да Қызыр баба болсын жолдасың! 

Аппағым, айналайыным, 

Періштелер жебеп сені, Тәңір қолдасын!124 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

СЕН СЫЙЛАҒАН ГҮЛ 

Әнін жазған: Жарылқасын Дәулет 

Асыр сап ерке құлындай, 

Ешкімге бақ боп бұйырмай 

Жүргенде, жаным, жолықтың, 

Өнердің жолы қиыны-ай! 

Жымидың сонда әнтек сен, 

Гүлдерің болды алқызыл. 

Жанары Күндей жарқ еткен, 

Көп ішіндегі жалғызым! 

Гүліңде сенің сезім бар, 

Гүліңде сенің өмір бар... 

Гүлдердей нәзік көп қыздар, 

Бөле алсаң, мені бөліп ал! 

Маржандай сүзген теңізден, 

Әніңе болдым қосарың. 

Өзіңе арнап мен үзген 

Бір гүлім сені тосады...125 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

ЖАҢА КҮН 

Әнін жазған: Гүлнұр Өмірбаева 

Атады ертең жаңа күн, 

Қара түннен аман өтемін... 

Мен де мүлдем жаңамын, 

Ұмыт болар мәңгі кешегім. 

Өткен өмір – өткен күн, 

Көрген түстей ғайып болады. 

Келіп жаңа көктемім, 

Ертеңгі күн жарық болады! 

Атады ертең жаңа күн, 

Ертең бақыт күні туады, 

Шаттық шайып жанарын, 

Бастайды өмір жаңа бір әнін. 

Әр адамнан, әр үйден 

Үміт күтіп күнім шығады. 

Таңғы нәсіп – Тәңірден, 

Тәңірімнің шексіз шуағы... 

Аппақ қылып ашасың 

Күнтізбенің жаңа парағын, 

Жаныма нұр шашасың, 

Тезірек кел, келші, Жаңа күн!126 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Арман қуып шаршаман, 

Әр күнімнен сенім табамын. 

Адамдарға қарсы алған 

Ашық болсын сенің қабағың!127 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

ДОСТЫҚ НҰРЫ 

Әнін жазған: Гүлнұр Өмірбаева 

Әрдайым бір-бірін қоштаған, 

Жалғандық сезімге еш қоспаған. 

Адамның барлығы дос маған, 

Бар адамдар тек дос маған. 

Кел, достарым, келіңдер, 

Кел, достар, жаныма! 

Досты жүрем мен сағына. 

Келіңдерші көңілдің ғажайып бағына! 

Сырласайық билеп әнге, 

Билеп әнге. 

Күн – Жерге достық нұр шашады, 

Достық – бұл өмірдің ең бас әні. 

Жандарға достықты аңсаған 

Жүрегімді мен ашамын.128 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

ЖАҢА ЖЫЛ КЕЛДІ 

Әнін жазған: Павел Юнусов 

Ақша қарлар жұлдыздайын шуақ шашады, 

Ағаш оны көтеріп тұр әрең... 

Қалыңдық боп, жаңа өмірге аяқ басады 

Ақ шәлісіні бүркенген бұл әлем... 

Қалыңдық боп, жаңа өмірге аяқ басады 

Ақ шәлісіні бүркенген бұл әлем. 

Жаңа жыл келді, 

Босаға аттап, 

Әлемге сыйлап 

Бір үміт аппақ. 

Жаңа жыл келді 

Шаттық боп тасып, 

Бақытты күндер 

Есігін ашып! 

Ару-әлем ақ жауһардан сырға тағады, 

Жыл он екі ай күтіп ем мен сені! 

Бар армандар бүгін, бүгін орындалады, 

Жаңа жыл – бұл бір ғажап ертегі... 

Бар армандар бүгін, бүгін орындалады, 

Жаңа жыл – бұл бір ғажап ертегі.129 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

ҚЫМБАТЫМ 

Әнін жазған: Құрмаш Махан 

Таң тереземнен қарайды, 

Күн, күн не деген арайлы? 

Бар әлем мені дәл бүгін 

Ең бақытты адам деп санайды. 

Мен бақыттымын расында, 

Ең бақытты жан – ғашық жан! 

Бір нәзік сезім сәулесі 

Жүрегімнен шуақ боп шашылған. 

Сол шуақтай шашылған, 

Мен де саған асығам. 

Соны бірақ сезбейсің, 

Сезбейсің-ау, асыл жан! 

Жүрегімді қуаныш 

Жылытады, қымбатым! 

Әлі менен тым алыс, 

Әрі маған тым жақын... 

Ай салтанатын құрса да, 

Түн оны ұқсатар күміске... 

Мен айдай толып тұрсам да, 

Қыздың жолы, қыздың жолы жіңішке.130 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Жол жабық саған баратын, 

Жоқ байлап ұшар қанатым 

Бар тек осынау бір әнім 

Сені аңсаған кездерімде салатын. 

Әнім сыйлап қуаныш, 

Жетелейді, қымбатым – 

Саған, менен тым алыс 

Әрі, әрі тым жақын. 

Күн мойнына асылған, 

Ақ шуақ боп шашылған, 

Ақ бұлттардай үлбіреп 

Мен өзіңе асығам!131 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

АҢСАРЫМ 

Әнін жазған: Құрмаш Махан 

Сені іздеп Күнім жиекке жығылады, 

Қызыл да жасыл дүние құбылады 

Тамағыма кеп түйір жас тығылады... 

Сезімім – тамшы, әйнекке ұрылады, 

Сыңар аққудың сыңсиды сынық әні 

Сол әнді, жаным, өзіңдей кім ұғады? 

Сағындырған Күнім, 

Сені ойладым бүгін 

Қайырылмастан рас па кеткенің? 

Сағындырған Күнім, 

Сені ойладым бүгін – 

Сағым болған менің көктемім!... 

Алмасып Күнмен, көгімде Ай қалады 

Терезесінен көңілдің Ай қарады... 

Тарыдай ғана жұмыр жер айналады... 

Мен емес, сені қара түн аймалады, 

Жарық Күнім ең, жылытқан бар ғаламды 

Жүр екенсің-ай, мекен ғып қай қаланы?132 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

ӨЗІМ ЖАЙЛЫ 

Әнін жазған: Құрмаш Махан 

Өзім жайлы айтар болсам, 

Бір өлеңге сыя ма? 

Мен ағашпын, жайқалған сан, 

Тамыр жайған қияға. 

Тамырым бар тасты жарған, 

Ол – иманым, сірә да. 

Бауырларым, бекер сынама! 

Күнә тапсам көңілім мен тілімнен, 

Кешірім мен сабыр берші, 

О, Аллаһ! 

Бір өзіңе құлшылық қып иілем, 

Махаббат пен мейір берші, 

О, Аллаһ! 

Мен жайқалған бір ағашпын, 

Күнге тосқан алақан. 

Құстар маған ұя салып, 

Ұшырса екен балапан! 

Жапырағым сая болса 

Жолаушыға шаршаған, 

Осы – арманым менің аңсаған.133 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Мен жайқалған бір ағашпын, 

Ұзын-қысқа бұтағым... 

Бұтағымды ап, отқа жақса 

Одан да бар ұтарым. 

Айналама тисе пайдам, 

Мақсатыма жеткенім, 

Осыны ойлап, қайта көктедім...134 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

СЕРІ ДӘУРЕН 

Әнін жазған: Құрмаш Махан 

Дәурен, ер жігітке құмар дәурен-ай, 

Сұлу қызға сыңар дәурен-ай! 

Баста қанша тұрар дәурен-ай? 

Сері дәурен өтер осылай. 

Есік алды жасыл сай, 

Той-думанмен көңіл ашылса-ай! 

Есік алды жасыл сай, 

Ай туғанда көңілім басылса-ай. 

Есік алды барқыт бел, 

Осы тойдан, құрбым, сарқыт бер. 

Есік алды барқыт бел, 

Барқытбелге әніңді айтып кел! 

Дәурен, жабырқатпас жүзің жарқын-ай, 

Сері дәурен, ата салтым-ай! 

Тұра тұршы бу боп балқымай, 

Жүрейікші шалқып, япыр-ай!135 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

БІР ӨЗІҢДІ ТАҢДАДЫМ 

Әнін жазған: Құрмаш Махан 

Қыз: 

Жаным! 

Жаныпты көкте жұлдыз 

Қарақат көзді бір қыз 

Өмірге келгенде. 

Жігіт: 

Жаным! 

Ғашық боп оған қалдым, 

Жұлдыз боп мен де жандым 

Сені көргенде. 

Екеуі бірге: 

Алтын арай айдарлым, 

Жарқылдаған жайдарлым 

Көп жұлдыздың ішінен 

Бір өзіңді таңдадым. 

Қыз: 

Жайдым 

Түннен де қара шашым 

Інжу мен маржан, асыл 

Барлығы бойымда136 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Жігіт: 

Ләйлім! 

Артықсың маған Айдан, 

Ақмаңдай ару, айнам! 

Тек сен – ойымда... 

Қыз: 

Жаным! 

Қасымнан менің табыл, 

Сен барда мөлдір, лағыл 

Жұлдызым жоғары! 

Жігіт: 

Жаным! 

Жұлдызың сенің биік, 

Өтем деп мәңгі сүйіп, 

Жүрек соғады.137 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

БЕЙТАНЫС 

Әнін жазған: Бек Оралбек 

Түсімде сізді көрдім... 

Бұл қажет сезім бе еді? 

Тағдырдың бір-ақ сәттте 

Осылай шешілгені... 

Сыйы ма, мазағы ма – 

Жарқырап көз алдыма 

Толқыған Жайық келді. 

Өмірім қайық па еді? 

Расында Жайықпысыз, 

Кімге өзі лайықтысыз? 

Көргенім, сезгеніме 

Сіз ғана айыптысыз! 

Көргенім, сезгеніме 

Сіз ғана айыптысыз... 

Көзіңнің шуағымын, 

Атыңның бір әрібін 

Білместен сүйгеніме 

Мен ғана кінәлімін. 

Ғашықтық – сезім бе еді 

Қиялдан жасалатын? 

О, менің түсімдегі 

Бейтаныс махаббатым!138 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

ӨМІР 

Әнін жазған: Сейфуллин Жолбарыс 

Жаны бар, тәні бар 

Жүректе әні бар, 

Сіздерді сағынар 

Мен екенмін. 

Жақсылап танып ал – 

Мен деген – әнді әлем. 

Бірақ мен мәңгі емен... 

Неге келдім? 

Неліктен өмірге келеді екен адам? 

Неліктен бақытқа сенеді екен? 

Бақыттың құны не? 

Адами ғұмыр не? 

Жауабым жоқ бұған, 

Өмір – жалған... 

Мейірлі күн деген, 

Одан да үйренем... 

«Адамды сүй» деген 

Ғұламалар. 

Сүюге берілген 

Меніңше, өмір – Мен, 

Өзімді Тәңірден 

Сұрап алар...139 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

КҮЗГІ КЕЗДЕСУ 

Әнін жазған: Сейфуллин Жолбарыс 

Мен келемін... 

Нұрлы жаңбыр себеді. 

Жоқ ешкімнің керегі, 

Өзің ғана өмірімнің өзегі. 

Жылу сездім, 

Алматының алтындай күзінен, 

Жылу көрдім жүзіңнен. 

Жапырақпын үзілген, 

Қалмай ұшқан ізіңнен 

Желмен бірге... 

Жел – тұрақсыз. 

Күзгі жаңбыр шуақты, 

Сен сияқты. 

Қуатты. 

Көзіңдегі шамшырақты ұнаттым. 

Көктем – қалпы, 

Кеудесі – гүл, 

Неткен жарқын кездесу бұл? 

Күзгі...күзгі...күзгі...140 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

ЕКІ ДҮНИЕ 

Әнін жазған: Сейфуллин Жолбарыс 

Сонау бір көктемде, 

Жерде де, көкте де 

Өзіңдей жұлдыз жоқ болып 

Көрінген... 

Әніммен жаныңа 

Шоқ салсам тағы да... 

Жаным-ау, махаббатсыз 

Өмір – өмір ме? 

Махаббатты іздегенменен, 

Сізде – көктем, бізге – күз келген. 

Қаншама жан қорғағанменен, 

Жалғыздық бар бір саған келген. 

Сағынышым басқа менің... 

Сен... сенсіз бір өзім... 

Жабырқау кештерде 

Білмейді-ау еш пенде 

Сен емес, өзге жанды ойлап 

Мұңайдым... 

Жүректен тіл қатып 

Сүйе алсаң, бұл – бақыт 

Баянсыз бақытымды 

Кімнен сұраймын?141 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

ӨЗІҢМЕН ЕГІЗ ЖҮРЕГІМ 

Әнін жазған: Әлімбай Ботақараев 

Көзіме-көзің қадалды, 

Мен сонда бірден сезіндім: 

Бейтаныс осы адамды 

Аңсаған, сірә, кезім мың. 

Өзіңнен енді жанарды 

Тайдырып кете алмаспын, 

Кездесу сол бір аяулы 

Сезімге тәтті жалғасты. 

Көгіңде Күн боп күлемін, 

Түніңде Ай боп жүземін. 

Өзіңмен егіз тағдырым, 

Өзіңмен егіз жүрегім... 

Ерніме-ернің тиген күн... 

Алабұртқан бір күйге ендім 

Өзіңе бұрын кездеспей, 

Жер басып қалай жүргенмін? 

Көктем мен дәйім күз егіз, 

Шаттық пен уайым, мұң егіз 

Қандай жол тағдыр тосса да, 

Біз енді бірге жүреміз.142 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

САҒЫНАМЫН 

Әнін жазған: Бауыржан Өскенбек 

Сағынамын... 

Сағыныш тербеп жанды 

Жүрегімді ұстай, 

Ұшамын құстай. 

Жаным-әнім, 

Жұлдызым болып жандың! 

Көгімде күлген 

Өзіңді сүйем. 

Жанарың жазғы таңдай, 

Жаныма жылу сыйлаған 

Ажарың аппақ қардай, 

Жаңарып мен де нұрланам. 

Көңілің нұрлы күндей, 

Күз болып қалай мұңданам? 

Мәңгілік сағыныш боп 

Сағыныш болып жүр маған. 

Сағынбасаң өмір мынау мәнді ме? 

Сезіне алмасаң, сүйсіне алмасаң... 

Сағыныштан 

Жаралғандай бар дүние 

Сабырым қалмай сені ойласам.143 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

СҮЙГЕН ЖҮРЕК 

Әнін жазған: 

Павел Ли және Марат Меликов 

Сүйген жүрек – 

Өмірдегі тірек! 

Күні-түні соғар, 

Саған бақыт тілеп. 

Сүйген жүрек - 

Сағынған, жылаған, 

Жүрсін деп дін-аман 

Тәңірден сұраған... 

Сүйген сені жүрегім, 

Мен де мұны білемін 

Әмір жүрмес ғашық жүрекке. 

Бір сені ойлап күлемін, 

Бір сені ойлап...жүдедім, 

Бұдан асқан бақыт керек пе? 

Сүйген жүрек 

Әлемді сыйдырған. 

Ол үшін ғұмыр – нұр, 

Ол үшін Күн – думан.144 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Сүйген жүрек – 

Таусылмас асыл ән! 

Сол сүйген жүректі 

Мен саған ұсынам...145 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

АРУ-ҒҰМЫР 

Әнін жазған: Бағлан Бәбіжан 

Адалдығы болмаса аңсатар ма? 

Ару деген әдемі әрқашан да 

«Өмір» атты іздеген ән-сапарда 

Бақыт. 

Әр таң оған ерекше күліп келген, 

Әр көктемнен ерекше үміттенген. 

Зулайтынын осылай біліп пе ем мен 

Уақыт? 

Кеше ғана бәйшешек гүлдей едім, 

Күнге қарап көктемде күлген едім 

Бүгін мүлдем өзгеше күйге енемін, 

Шіркін! 

Жайқалады гүлзары көңілімнің, 

Мен қазақтың қызымын, келінімін 

Мен елімнің ертеңгі сенімімін 

Мүмкін... 

Жаңаша боп туады жанған күнім, 

Аспанында арманның самғап жүрмін, 

Ақ некелі жарыма арнаулымын 

Мәңгі.146 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Жарық қылам Жер бетін нұр-сәулемен, 

Қырық шырақтан құралған құрсау денем 

Бесігімді тербетем шырқауменен 

Әнді... 

Мен – әйелмін, әлемнің анасымын, 

Үміт жеңген кей кезде жан ашуын. 

Күлкісі – күн, тәні – нұр, санасы – мұң 

Менмін... 

Нәзікпін мен, сол үшін айыптымын 

Ғажап түске боядым ғайып түнін 

Не десең де, бақытқа лайықтымын, 

Сенгін!...147 

ару – әлем

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Алладан тілеп бозала таңда-ай, 

Асыға күткен мені апам. 

Асырап-бағып балапан қаздай, 

Алқатып күткен шері атам. 

Қалжама айтұяқ боз қасқа сойса, 

Еншіме атап көк атан, 

АқшаХАН қызын Ақжүніс қойса, 

Назира қойған ЕрмаХАН. 

Ертегі тыңдап, ерке өскен болсам, 

Ойлашы, кімнен қорқармын? 

Түсімде келіп тұратын мың сан 

Тарланға мінген Ер Тарғын. 

Өрмекті жүрдім өлеңнен тоқып, 

Қағазға қалды ол жазылмай... 

Өзіңді бір күн келер деп тосып, 

Қамбарды күткен Назымдай. 

Асуды бермей жайбасарларға, 

«Айқын» деп сендім, - «келерің». 

...Ауызы жалын айдаһарларға 

Құрбан ғып тосты мені елім... 

Өрмек қып өрген тынысым – өлең, 

Өзіңді күткен жол қалды... 

Қырық құлаш алмас қылышыңменен 

Құртқаны құтқар, Қобыланды! 

У-сөзден егер уланар болсаң, 

Жаныңды сүтпен сақтармын149 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Шын сөзім осы, иланар болсаң, 

Сырымды саған ақтардым. 

«Батырдың жары – осы» дегізіп, 

Атырам алдан ақ таң, Күн! 

Қысыр қулықты қырық күн емізіп, 

Тайбурылыңды баптармын. 

Еңіреп туған ер болсаң егер, 

Еліңнің қамын жырларсың! 

Бір хабар берші, бар болсаң егер, 

Мұңайды гүлдей Гүлбаршын. 

Заманда бейбіт, өмірде – думан, 

Көрінер жырым жарты аңыз... 

Жиделі-Байсын жерінде туған 

Қай жерде жүрсің, Алпамыс?... 

Мұратқа жетіп кейіпкерлері, 

Ертегі бітер ақырын... 

Ертегі ғана кейіпте ме едің, 

Қайдасың, менің БАТЫРЫМ?150 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Ең алғашқы қар... 

Сезімімдей алғашқы... 

Дәл мұндай қар бұрын Жерге жаумаған. 

Мұндай сезім Жер бетінде болмаған! 

Жаралғандай бүгін қайта бар ғалам... 

Сезіндің бе екен, 

Ақша қар болып көктен 

Ақ қанатты періштелер де түскенін? 

Сырымды ақтардым, 

Қар бетіне хат жаздым. 

Соны оқы да, ұғына алсаң, ұқ мені! 

Мен сені көрдім, 

Мен сені көрдім қар жауған күні, 

Сол есімде. 

Мен сені күттім, 

Мен сені күттім... 

Қар жауған күні... келесің бе?151 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Үнсіз түн. 

Үнсіз телефон. 

Тек сыртта жаңбыр, тырсылы – ем... 

Жаңбырдың тілін ұғар кім? 

...Үнсіздігімде күрсінем. 

Мен дертті болған шығармын... 

Үнсіздігіңді түйсінем, 

Түйсігімменен, тілі шықпаған баладай... 

Әлемнен бұрын Сөз жаралғанына қарамай. 

Ерні кезерген далаға кәусар төгетін, 

Жауында мынау тіл бар ма? 

Құста тіл бар ма, айдынын аңсап келетін? 

Қарыңда, қарда, тіл бар ма? 

Желде тіл бар ма, жапырақтарды оятқан? 

Селде тіл бар ма?! 

Отта тіл бар ма – тілсіз жау... 

...Сенде тіл бар ма? 

Менде тіл бар ма? 

Үнсіздігіме түн сіңді-ау... 

«Көзбен көр» деген, 

«Ішпен біл» деген 

Абайдың сөзі... 

Тылсым түн... 

Сенде тіл бар ма? 

Менде тіл бар ма? 

Не деген үнсіз...үнсіз түн...152 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

“Сіз сүйген жүректің не арманы бар екен? 

(Өзің жазған хаттардан...) 

Өзіңді сүйетінім шын. 

Айта алмасам шырылдаған шындықты, 

Мен несіне ақынмын?! 

Бар әлемге паш етуге тайсалмайтын «бұйрықты» 

Сенен неге жасырдым? 

Кермек жастан сортаң тартып жүрегім, 

Мен...Аралдай жоқ боп бара жатырмын. 

Өзіңді сүйетінім шын. 

Қанша жерден ақылға бағынсам да, 

Өзіңді сүйетінім шын! 

Соғыс орнап, бомбалар жарылса да! 

...Жарқ етпес қара көңілім не қылса да... 

«Дүниеде сенен артық маған жар жоқ, 

Саған жар менен артық табылса да...» 

Өзіңді сүйетінім шын. 

Қасыңда болсам деп едім, 

Түу көкке жайғанда қанат! 

Қасыңда болсам деп едім, 

Әр түнді айларға балап... 

Қасыңда болсам деп едім... 

Жанардан құлап барады, 

Құлазып, бір мұң тайғанап... 

Өзіңді сүйетінім шын. 

Қалғаны – Аллаға аманат!...153 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

«Сені қызғанбау мүмкін емеc. Сен – Отсың»! 

(Өзің жазған хаттардан) 

Иә, Отпын! 

Сөндірмек боп үрлей түссең, лаулаған 

Иә, Отпын! 

Жылуымен жүрегіңді жаулаған... 

Дүлей күшке айналғанда, 

Қызыл тілі көк орманды жалмаған, 

Дүлей күшке айналғанда – 

Жолында жан қалмаған. 

Бірақ, қызық, ақылымен Адамзат 

Отты қолға түсірді... 

Тас үңгірді жылытты Ол, 

Тамағыңды пісірді... 

Жарық қылды қараңғыны, 

Тәтті қылды түтінді. 

Отқа түссең - өртенесің, 

Отсыз қалсаң – тоңасың. 

Орнын білген жанға ғана 

Жылу сыйлар Ол – асыл! 

Қызыл көйлек киген қызға 

Құлай ғашық болар ма ең, 

Көздерінен От көрмесең сол күні? 

Иә, Отпын! 

Сеземісің өртімді?... 

Мен не бармын, әлде – жоқпын: 

Сертім-ді!154 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

...Ұмай – Ана! 

От анасы, жарылқа! 

Әйел болып, От болмасам – мәнсізбін... 

Күн де Оттан жаралған! 

Күнді күтіп, кірпігіммен таң сыздым... 

Көз жасыма малшындым, 

Көз жасы – Су... 

Ал мен – Судан әлсізбін...155 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

...Сағына тұрып, «қош» дейтініңе таңғалам, 

Қоштаса тұрып, кетпейтініңе таңғалам. 

Жүрегімдегі сен өзің жаққан сол шырақ 

Қанша үрлесем де, өшпейтініне таңғалам. 

Ынтығып тұрып...сүймейтініңе таңғалам, 

Қуарып тұрып гүлдейтініме таңғалам. 

Жүрегіме еш маза бермеген сол сұрақ, 

Жауабын сенің білмейтініңе тағалам. 

Бақыттың дәмі – бал екеніне таңғалам, 

Махаббат деген бар екеніне таңғалам. 

Таңданып қарап тек екеумізге бар ғалам, 

«Тағдырың - осы» деп тұрған сынды, таңдаған... 156 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Көктемнің исі сезілді, 

Көктемнің исі ғаламат! 

Бұлақтар күліп барады, 

Бұрынғы сайды сағалап. 

Бұталар бүрін жарады, 

Аппақ гүл! 

Түгел қалам ақ! 

Қолына кетер ақын да, 

Ақын емес те қалам ап... 

Көктемнің үні тым сазды, 

Көктемнің лебі ғаламат! 

Көктемді шырқап отырған, 

Құстарды, әне, қарашы! 

Шуағын төккен Күн қандай! 

Шаттыққа толған шарасы. 

Жаңбырмен таза жуғандай, 

Айналам толған жарасым. 

Түлеткен көктем, 

Адам мен жануар баласын, 

Аспан мен жердің арасын, 

Жүректен, көктем, 

Асыр сап, сен сыртқа шығып 

барасың! 

Әнебір гүлдер, мөлдіреп 

Үзілмесе екен сабақтан...157 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Көңілге көктем келді деп, 

Кетсе екен кірбің қабақтан. 

Жер-Ана төсі елжіреп, 

Мейірімін бізге таратқан 

ЖАРАТҚАН, сірә, әлемді 

Көктемде ғана жаратқан!...158 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

ГАРМОНИЯ 

Күн батты. 

Ақшам уақыты. 

Кеудемді күй кернесін кеп! 

Күй тыңдап, мен жылап тұрмын 

«Әрқашан Күн сөнбесін...» деп. 

Күннен Сен жақынсың, Раббым! 

Күнді де жарық қылған – Сен! 

Бәлкім, Сен – ақынсың, Раббым? 

Жерді де ғаріп қылған – Сен. 

Мәңгілік Күнді айналдырып, 

Кете алмас ғашық еткен Сен, 

Біздерге, төзе алмас ек-ау, 

Осындай қасірет берсең!... 

Жер беті – ғаламат майдан, 

Сен ғана сақтаған жанын, 

Майданға аттанғандардың... 

Жер беті – мұң менен қайғы...ң... 

Қайғымды азайтшы, Раббым! 

Түннен соң таңыңды атыр, 

Күніңмен жылыта бер де, 

Бір саған тәуелді пақыр 

Пендеңді ұмыта көрме! 

Бұл әлем шектелмес Жермен, 

Жердегі ғұмыр бір – фәни... 

Шын әлем – Сен сыйған кеудем,159 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Шын әлем – Сен сүйген нәби! 

Күн батты. 

Ақшам уақыты. 

Жас болып тамдым сағаттан... 

Шын әлем –екеуміз, ЖАНЫМ! 

Әлемді БІЗден жаратқан...160 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

СЕНІҢ КҮНІҢ 

Сенің мұңың, жаным, мұңым менің де... 

Сенің күнің төбемізде төгіп нұр, 

Тұтастықты бейнелеуге біздегі, 

БІЗ деген сөз жеткіліксіз болып тұр... 

Сарқылмас деп ойлаушы едім, 

біздің сөздің бұлағы, 

Баламаны санам таппай тұр әлі. 

БІЗ деген сөз – бүкіл сөздің бастауы, 

БІЗ деген сөз: 

СЕН және МЕН құрамы. 

СЕН жылытсаң, ант етемін тоңбасқа, 

Саған ердім, маған жоқ-ты жол басқа! 

Қабырғаңнан серік жасап бермеп пе ед, 

Сені Құдай жаратып ап оу баста? 

Мұны Кітап, мұны жылдар дәлелдер 

Ей, Қабырға! 

Бас иеңе сәлем бер! 

Бұл жалғанда болмақ емес бақытты, 

Өз тәнінен өзі безген әйелдер. 161 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Бүкіл ұрпақ Адам ата милләтінен тараған, 

Бәрібір де бірінші адам – сол адам! 

Өздері үшін қылыш жасап болаттан, 

Біздер үшін бұйым құйған 

Алтын, күміс, қоладан... 

Біздер үшін шайқасты олар, тер төкті, 

Біздерге арнап өлең жазды, 

Ойлап тапты ертекті 

БІЗ деген сөз тым бағалы, ендеше, 

Бағалайық, бағалайық ЕРКЕКТІ!!! 

...Сенің жауың – менің жауым, жарығым! 

Сенің үйің – менің үйім, 

Досыңмен де достасам. 

СЕН және МЕН: 

БІЗ сөзінің құрамы. 

МЕН және СЕН болмайды ол ешқашан! 162 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

ӘН 

“Бәрібір боп қаламыз сен екеуміз 

Ғашықтар – жаны да егіз, әні де егіз...” 

Тағы да...шіркін жүрек шымыр етті... 

Темір емес, өйткені, ол жұмыр ет-ті! 

Кім екен Мәжнүннен де асқан ғашық, 

Ойлап тапқан ӘН деген құдыретті? 

Ғаламда, тұнған ғажап сырға мына, 

Құлақ түрген бәрі оның ырғағына. 

Жай күндер екен менің бар күндерім, 

Мән бермеген Мұхтардың жырларына... 

Ұшырып әкететін елге бөтен, 

Әнді мен қалай ессіз ермек етем?! 

...Өзіңді кездестірген күнге дейін, 

Мейрамбекті түсінбей келген екем... 

Хаттарды, арамызды жалғастырар, 

Сәттерді... арадағы... қанбас құмар, 

Алматыға жауғанын алғашқы қар, 

Осы әнді тыңдағанда еске алармыз. 163 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Аңсатып оңаша бір кештер керім, 

Сағынтып Сарыарқаның ескен желі, 

Астанаға көктемнің кеш келгенін 

Осы әнді тыңдағанда еске алармыз... 

Сарылтқан күз де жетер – сары ала жыр... 

Сенделген жалқы үмітім жағада жүр. 

Тәуекелдің теңізін кешсем деген, 

Етсем деген жолында жанды құрбан, 

Жаралған қос мұңлықтың тағдырынан, 

Әлемді миллион ән аралап жүр... 

“Беу, айдай! 

Бес күн – жалған, 

Дүние – арман” : 

Анамның бесік тербеп айтқан әні... 

Халқымның қайғысы мен қуанышы, 

Махаббаты, сенімі, жұбанышы, 

Мұң тұнған әндерінде сақталады. 

Беу, айдай! 

Бес күн – жалған, 

Дүние – жыр! 

Жырлай біл, сүйсіне біл, сүйіне біл!!! 

...Екеуміз – миллионның бірі ғана, 

Бұл ӘНнің тарихы да - миллион жыл...164 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Неліктен, неге осылай мені жаратты? 

Ұшайын десем, құс емес екем қанатты... 

Не алып келдім, кім болып келдім өмірге? 

Не алып кетем қабірге? 

Не тастап кетем соңыма? 

Өзекті осы ой өртеген... 

Ұстатты қалам қолыма, 

Емім де өлең, дерт өлең! 

Ұстазым өлең, арылтшы мені өкпемнен!!! 

Мүсіркеп қара мүлт басып кеткен іздерге... 

Үйренерім бар ғұмырдың басы - көктемнен, 

Үйренерім бар...күзден де. 

Өмірдің мәні...ол мүмкін, 

Өмірдің мәнін іздеуде.165 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

*** 

Қызыл көйлек... 

Бүгін оны кимедім. 

Қызықпас кім қызыл киген сұлуға? 

Жоқ, әлде мен қызыл түсті гүл ме едім, 

Ешкімнің де қақысы жоқ жұлуға? 

Еш себепсіз...әйтеуір бір себеппен... 

Еліттік-ау сенің ессіз күйіңе, 

Көзді арбаған, көре алмасты қор еткен 

Қызыл көйлек, қызыл-жасыл дүние! 

Дүние, сенің шыңдарыңа шықтым мен, 

Қызыл Күн де жанарынан өптірді! 

Тайталастым мынау деген мықтыңмен! 

...Күн сөнген соң, жанарымда кеш тұрды... 

Елемей-ақ қойсыншы деп ешкім де, 

Қара көйлек киіп алғым кеп тұрды. 

Қараңғылық...һәм тыныштық неше күн, 

Нешеме ойлар, неше өкініш, неше мұң... 

Қара көйлек... 

Мақпал ақын жырлаған, 

Қара жәшік күйін ғана кешемін. 

Қара көйлек, сені бүгін шешемін! 

Ататындай мүлдем басқа таң алдан, 

Қызыл емес, аппақ нұрдан жаралған... 

Мен өткенді қызыл отпен өртеймін, 

Сөндіремін қара жаңбыр суымен, 

Мен бәрін де өшіремін санамнан.166 

Нәзира БЕРДАЛЫ 

Тағдырыма өзім ғана иемін, 

Жеңіл ғана...аппақ көйлек киемін. 

Аппақ көйлек, аппақ үміт, ақ арман! 

...Адамның жаны бар ма екен, 

Ақ кебін кимей тазарған?... 167 

М А З М Ұ Н Ы

Жаңбырлы түн

«Жауын!».........................................................................4

«Бие-бұлттан жылы саумал сауып қыр»..............5

«Аппақ жаулығын ақ таң әкеліп түнге ілсе».......6

«Ғажайып шаттық, қуаныш болып келгенім».....7

«Көктем, сені көргенде ән салмадым мен»...........8

«Көгілдір түн»..............................................................10

«Ол кете барды»...........................................................11

Қарагөз............................................................................12

«Мәңгілік бала бейне»..............................................13

«Ай көзінен діріл-діріл жас тамды»......................14

«Ауыл. Іңір. Беймаза шақ  естегі».......................15

Күн иісі...........................................................................17

«Ей, самолет, самолет!»............................................19

«Бұлым да бұлым бұрымым бар ед».....................20

«Үйренемін, әлі-ақ мен төселемін де».................22

«Есіңде ме?».................................................................24

Саксафоншы.................................................................26

Жиырма бірдің көктемі............................................27

Сүйген жүрек

8 наурыз..........................................................................29

Дегелек қар....................................................................30

Наурыз жыры...............................................................31

Сыңсу..............................................................................34

«Сұлу Көкше»..............................................................36

«Ай құлайды көздері ашық бөлмеме»..................37

«Бағланды жеке сойдырған»...................................39

«Қай әлемде жүрсің қазір...»....................................41

«Сен қазір ұйқыдасың».............................................43

«Тағы да көшедемін».................................................44

«Тап тазамыз енді екеуміз».....................................46

Күмән..............................................................................48

«Тағы бір күн...»...........................................................50

«Бұл жаңбыр  таза су емес»..................................52

«Күз келгенін бақтан байқа...»................................54

Тек түнді сүйем............................................................55

«Жаттасам да бір Алланың сөздерін»..................57

«Оңаша қалсам  өзімді»..........................................59

«Аспаннан Күз жауып тұр».....................................61

«Жақынымнан алыспын, жатқа  жатпын........62

«Үлбіреген жұп-жұқа жібек емес»........................63

Мөлдірге.........................................................................64

Мөлдірге.........................................................................66

«Айтқаным, Ана, ән бе еді?»....................................67

Аға....................................................................................69

«Мен сені ойлайтынмын...».....................................70

«Өлең емес, қағаз беті жол-жол мұң»..................72

«Емес еді ол ғашықтық»...........................................74

«Ояндым»......................................................................76

«Көп көргеннен сұрармын»....................................78

«Бар адамға берілгені  бір өмір».........................79

«Қар боп ұшып келемін»..........................................81

«Жарық дүние қараңғыға иілмес»........................83

«Көңілімді  мұң...»....................................................85

«Гүл сияқтымын...»....................................................86

«Өкінішті-ақ, бұл көрініс, аяулы-ақ...»...............87

«Сонау шыңның басында нақ тұрағы»................88

«Жанымның оты жанары анық»...........................90

«Уақыт бізді ауыртады алдымен».........................91

«Той тарқады»..............................................................93

«Балауыз шам...».........................................................94

«Қасаңды бұзған қар гүлі».......................................96

«Жаулығымның астында».......................................97

«Жоқ!»............................................................................98

«Қандай бақыт қалаға қар жауғаны».................100

«Ару Күннің тарқатылып бұрымы»...................101

«Ғашық болғым келмейді».....................................102

«Менің пердем сырылады әлемге».....................103

«Саксафон мен гитараның дуэті»........................105

«Сені ойлауға мен тіпті тиісті емеспін»............106

«Жоқтығымызды білген соң»...............................107

«Жапырақ жаным Күзге көмілді».......................109

«Күз».............................................................................110

Астана  арман...........................................................112

Ақ келін

Ақ келін........................................................................120

Көктемгі жаңбыр......................................................122

Анаға арнау.................................................................123

Бүгін сенің туған күнің...........................................124

Сен сыйлаған гүл......................................................125

Жаңа күн.....................................................................126

Достық нұры..............................................................128

Жаңа жыл келді........................................................129

Қымбатым...................................................................130

Аңсарым.......................................................................132

Өзім жайлы.................................................................133

Сері дәурен.................................................................135

Бір өзіңді таңдадым..................................................136

Бейтаныс......................................................................138

Өмір...............................................................................139

Күзгі кездесу...............................................................140

Екі дүние......................................................................141

Өзіңмен егіз жүрегім................................................142

Сағынамын..................................................................143

Сүйген жүрек.............................................................144 

Ару-ғұмыр....................................................................146

Ару  Әлем

«Алладан тілеп бозала таңда-ай».........................149

«Ең алғашқы қар...»..................................................151

«Үнсіз түн»..................................................................152

«Өзіңді сүйетінім шын».........................................153

«Иә, Отпын!».............................................................154

«Сағына тұрып«қош» дейтініңе таңғалам»...156

«Көктемнің исі сезілді»..........................................157

Гармония......................................................................159

Сенің күнің..................................................................161

Ән...................................................................................163

«Неліктен, неге осылай мені жаратты?»...........165

«Қызыл көйлек...».....................................................166

Нәзира БЕРДАЛЫ

АРУ – ӘЛЕМ

Редакторы Алмагүл Ниязбекова

Қате түзеуші Назерке Кәкен

Көркемдеуші редакторы Айкерім Бақбергенқызы

Техникалық сарапшы Ержан Жамалбаев

ISBN 978-601-03-0273-0

ИБ № 73

Басуға 15.10.2014 ж. қол қойылды. 

Пішімі 80х100 1/32. Офсеттік басылым. 

Қаріп түрі “MM Academy”. Көлем 8,0 шартты баспа табақ. 

Таралымы 2000 дана. 

Тапсырыс № 73

“ҚАЗақпарат“ баспа корпорациясының баспаханасы

Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры