Байланыс телефондары:
+7(701) 773-62-ХХ
+7(701) 773-62-ХХ

НАУРЫЗ ЖЫРЫ

08 июль 2019, Понедельник
406
0
Еріді, міне, кілең де...
Жер беті ұқсап кілемге,
Аршылып қардан тастұма,
Раң өскен қырдың астына
Қыс қашып барад қалшылдап...
Еске алып әжем жас күнін,
Қаршыдан алып жастығын,
Жайып сап төрге көрпесін,
Алқатып алып еркесін,
Дастархан жаяр аршындап.
Шықсын деп биыл мол егін,
Көтеріп алып көнегін,
Бұлақтан тасып су құяр,
Ағаш пен талға құрбылар –
Күлкісі күміс әпкелер...
Күн сәскенің тұсында,
Шашбауының ұшында
Сылдырап елгей теңгелер,
Келеме киген жеңгелер
«Әжеме сәлем» деп келер...
Арсадан алып соңғысын,
«Тәңірім ақты мол қылсын»
Деп тілек айтар өзі еді,
Жасарда наурыз көжені
Ақталды сонау сенімі.
Ұзынсарыға сақтаған,
Сыбағаны асты мақтаған.
Әжеме, сірә, жол болды,
Дәл өзі сынды мол қолды
Алеңдік жаққан келіні.
Толтырып құртқа көмейін,
Жәутіктен тізіп кенейін,
Сақасын сайлап балалар,
Төре боп оған «ағалар»,
Орда ойнауға кірісер.
Күтпей-ақ жүлде әлдене,
Пырағын қосып бәйгеге,
Шіренген өңшең шерілер,
Қыз қуып жеткен серілер
Үстінде аттың сүйісер...
Шаң салмай келіп алдына,
Масағын қадап жамбыға,
Тай-құлындай тебісіп,
Сыралқысын бөлісіп,
Жеңісін тойлап шаттанар.
Көз салып қойып бақшаға,
Толтырып насын шақшаға
Өзінен елі бата алар,
Атағатқа лайық аталар
Қаумаға қарай аттанар.
Құлпысын киіп құлпырып,
Күзгіге қарап мың күліп
Рауанға теңеп суретін,
Уызға салып сүр етін,
«Ұйқыашар» жасар бойжеткен.
«Көз байланған кезеңде
Сыланған сұлу көзелге
Баратұғын жайым бар», –
Деп, бозбала дайындар
«Селт еткізер» ой жеткен.
Шуаққа ызғар жұтылып,
Маңдайды сәуле сүйген күн,
Аласапыраннан құтылып,
Аққа да аузым тиген күн,
Алқатқан асыл бұласы
Әжемнің сонда мен едім,
Қыспенен бірге қыр асып,
Бәйшешек теріп келемін.
Қырқаны жапқан көкпеңбек,
Нәурізек нәзік гүл – наурыз,
Жаңбырын нұр ғып төккен Көк,
Таусылмас мәңгі жыр – наурыз!
Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры