– Назира əпке, əңгімемізді тележурналистиканың біз білмейтін сырларынан бастайықшы… − Телевидениеде көрінбей істейтін жұмыстар өте көп. Тележурналистиканы тастаған жоқпын. Он жеті жылдан бері, яғни студент шағымнан осы саладамын. «Көптен көрінбей кеттің ғой» дейтіндер де бар. Ұлттық арнадан қол үзген жоқпын. Халықтың алдына, эфирге шығатын адамның барлық жұмысын камера сыртында атқарып отыратын редактор, сценарист, продюсер секілді көптеген маман бар. Белгілі бір арнада эфир жүргізетін адам сол арнаның бет-бейнесі секілді. Ал сол «бет-бейненің» қолы, аяғы, жүрегі, өзге де мүшелері бар емес пе?! Телевизияда əркім өз функциясын орындап, арбаны алға сүйреуі тиіс. Сонда ғана үйлесім мен өнімді еңбекке қол жеткізуге болады.
– Сізді «Астана» арнасынан да көріп жүрміз…
− Иə, қыркүйек айынан бастап таңғы ақпараттық бағдарламаны жүргізген болатынмын. «Астана» арнасы қазаннан бастап жаңа жоба ұсынып отыр. Ол əзірге құпия болсын. Көзіқарақты көрермен көріп, бағасын бере жатар. Эфир «Астанада» болғанымен, қызметорным Ұлттық арнада. Қазір телевидение ортақ кеңістікке айналып кетті. Кеше ғана Astana media week атты ерекше апталық өтті. Жаңашылдық, жанашырлық байқалады. Қазақ телеəлеміндегі татулық пен ынтымақтың болуы мені қуантады.
– Қыз-келіншектерге арналған «Ақ келін» атты сайтыңыз бар. Сайт ашу жайлы ой бұрыннан ойыңызда жүріп пе еді?
− Менің туған ағам IT саласының маманы. Ол кісінің білім саласында жеке екі сайты бар. Бір жылдары баламен үйде отырғанымда ағам сайт ашу жайлы ұсыныс жасады. Өзіме қызықты тақырыпты таңдап, сайтқа қызықты мəліметтер, ақпараттар салуым керек екен. Шыны керек, маған қызық болды. Қыз-келіншектер тақырыбы, отбасы мəселесі бұрыннан қызықтыратын. Тіпті, дипломдық жұмысымның өзі «Қазақ радиосындағы əйелдерге арналған бағдарламалар мен отбасылық бағдарламалар» болса, магистрлік жұмысымда телевизия мен радиодағы бағдарламаларға тоқталған болатынмын. Содан ойлана келе сайтты «Ақ келін» деп атадым. Ол кезде бала күтімімен үйде отырғандықтан түнімен ақпараттар салып, сайтты толтырдым. Əрине, көмектескен жас тілшілер де болды. Ал дəл қазіргі уақытта сайт жұмыс істеп тұрған жоқ. Яғни, ақпараттар күн сайын жаңартылмайды. Алайда, бұрын салынған қор бар. Қазір сайт статистикасын қарасам, едəуір оқылады екен. Мысалы, күніне 8-10 мың оқылым жинайтын кездері көп. Ішінде пайдалы дүниелер болса, кез келген сайт оқылатын секілді.
– Менің бала кезімде сіз «Сөз-мерген» деген бағдарламаны жүргізетінсіз. Өскенде мен де қатысам деп армандап, үйде отырып алып сұрақтарға жауап беретінмін. «Сөзмергенді» қайта жандандыруға бола ма?
− «Сөзмергеннен» бұрын соған ұқсас «Алтын қақпа» атты бағдарлама болды. Оны үлкен кісілер, өзімнің замандастарым біледі. «Алтын қақпаның» заңды жалғасы ретінде «Сөзмерген» шықты. Аты өзгергенімен, заты қалды. Форматы дəл сондай болған еді. Мен осы тақырыппен ғана шектеліп қалғым келмеді. Өзімді жан-жақты сынап, жетілдіргім келді. Содан соң «Риясыз əңгіме», «Меншікті мекен» секілді жобаларды да қолға алдым. Журналист бір жерде ғана табандап тұрып қалуы тиіс деген шарт жоқ. Алдағы уақытта мүмкіндік болып жатса, бағдарламаларды қайта жандандыруға да болады.
– Ал өлеңнің жайы қалай?
− Өлең сарқылған кезде жазуды қою керек сияқты. Дəл қазір менде үзіліс. Бірақ, өлеңге қатысты мұндай қысқа мерзімді үзілістер мұның алдында да болған. Бұл қалыпты нəрсе. Жазу керек екен деп, өзімді қинап жазғым келмейді. Өлең əуелде сұраусыз келді ғой, солай келсе қағаз бетіне түсіріп алғанға не жетсін?! Сосын, «парасатты поэзияға мойын бұрасыз ба?» деген сауалдар да бар. Ондай өлеңдер жазамын не жазбаймын деп өлеңнің атынан жауап бергім келмейді.
– Сіздің өлеңіңізге жазылған əндер көпшілікке жақсы таныс. Əсіресе, Құрмаш Махановтың əндері…
− Құрмаш ағамен шығармашылық байланыстамыз. Менің өлеңдеріме ең көп əн жазған сол кісі. Өзге де сазгерлердің əндері де бар. Ол əндерді əртүрлі орындаушылар орындайды. Əділ Сламхан мен Дана Маханбаева, Бейбіт Сейдуалиева, Құрмаш ағаның өзінің репертуарындағы əндер де бұл тізімді толықтырады. Жақында ол кісі «Заман» тобына «Өзім жайлы» деген əнді беріпті. Бұл топ осы əнді тыңдарманға басқаша жеткізеді деп ойлаймын. Құрмаш аға екеуміздің рұқсатымызбен «Аңсарым» деген əнімізді жақында Қайрат Нұртас орындамақшы. «Қайрат бұл əнді қалай жеткізер екен?» деген сауал да жоқ емес. Дегенмен, Қайрат − лирик əнші. Жүрекпен жеткізеді деп сенем.
– Əлеуметтік желіде сіздің парақшаңызға жазылған қыздар саны өте көп. Кеңес сұрайтындары да бар…
− Қолдан келгенше сауалдарына жауап беруге тырысамын. Қазақ радиосында «Ақ отау» атты бағдарлама жүргізем ғой. Өзекті, тартысты тақырыптар болса, сонда алып шығып, шешімін бірге табуға тырысамын. Мамандардың кеңесін ұсынып, барынша көмектесіп жүрмін. Өзім жеке кеңес беретіндей психолог емеспін ғой (күліп).
Əлеуметтік желіні жұмыс бабымен ғана қолданамын, тіркелгеніме де көп болған жоқ. Бір жылдың көлеміндей ғана уақыт өтті.
– Қазіргі уақытта қандай кітаптардың оқырманысыз?
− Радиода поэзия сағатын жүргізгенімнің бір жақсы жағы, қонақ боп келген ақындар өз кітаптарын сыйға тартады. Аптаны сол кітаптарды оқумен өткіземін. Ал басқа кездері қолым қалт етсе, электронды кітаптарды оқимын. Қазір «Əдебиет порталы» руханиятқа қатысты өте жақсы жұмыстар істеп жатыр. Кез келген авторды, кітапты осы сайттан алуға болады.
– Оқырмандарымызға тілегіңіз болса…
− Оқушы кезімізде «Ұлан» газетін оқып өстік. Себебі, ол кезде газет жаздырып алу үрдісі болатын. Үйде дөңгелек үстелдің үстінде отбасы мүшелері өзіне арналған бір-бір газетті үн-түнсіз оқып отыратын. Күнде-күн-де шығып, поштаны тексеретінмін. Ғаламтор болған жоқ. Біздің балалығымыз ерекше өтті. «Ұланның» оқырмандары жазу-cызуға құштарлығы бар, ақылды, зерек балалар деп білемін. Көбі телефонмен дос болған заманда газет оқитын баланың өзі феномен. Балаларға армандаңдар, армандаудан жалықпаңдар дегім келеді. Қорқыныш, үрейді сенім жеңгенде ғана адам өмірден өз орнын адаспай табады!
– Риясыз əңгімеңізге рақмет! Еңбегіңіз жемісті болсын!
Ақыннан бір өлең
ЕСТИСІҢ БЕ, ЖАН АНА?..
Ай құлайды көздері ашық бөлмеме,
Қар құлайды ұйқыдағы қалаға.
Тылсым сезім сыймай теңіз-кеудеме,
Толқын болып соғып жатыр жағаға.
Естисің бе, жан ана?..
Еркелеген елігіңмін деп жүрсем,
Еске саппын үйге жаққан бояуды…
Ұлдар ғана ата-анаға таяу-ды.
Ұйқысызбын бүгін тағы.
Ай ауды.
Қалай жуам көңілімдегі қаяуды?
Аяулым-ау, аяулы!…
Бозінгені боздап қалған аулақта
Ботаң бүгін ботаң ба?…
Бал сүтіңді бес жыл еміп,
Жиырма жыл ойнақ салдым жотаңда.
Отағасын пір тұтатын ақылдым,
Ошақ қасын айналдырып Отанға,
«Елдің көркі» деуші едің ғой, – «қыз өссе»,
Жеміс түймей өскен гүлден не пайда?…
…Жемісімді түйіндетіп отырмын,
Жүктерімді жиюлы етіп отырмын
Жалындаған мейіріміңнен өзіңнің
Шоқ боп ұшып, бөлек жанған отыңмын!
Ұқсас қылған От пен Күннің тағдырын
Тəңірінің орындадық жарлығын…
Таң атқанда Күнге сəлем беремін,
Нұрға теңеп аналардың барлығын.
Асыл ана, ардақты ана, нұр – ана!
Өтінерім, тек қана сен жылама…
«Келін» деген киелі сөз ұғымы –
«Өз үйіне келу» шығар, сірə да…
Сұхбаттасқан Әлия ІҢКӘРБЕК,
«Ұлан» газеті, №42
17.10.2017