Белгілі әнші Қарақат Әбілдина репертуарындағы «Ару-ғұмыр» әні талай тыңдарманның жүрегінен орын алған ерекше шығармалардың бірі. Әйел затының бар болмысын бейнелейтін тың тақырыптағы ән жарыққа шыққан бойда кең тарап, сүйікті әндердің қатарына енді. Ән авторы талантты сазгер Бағлан Бәбіжан, ал мәтінін қаламы ұшқыр ақын Нәзира Бердалы жазған.2004 жылы жас сазгер өнердегі әпкесі Бағдат Сәмединовамен бірге концерттік бағдарламамен Семей қаласына барады. Сол сапарда әнші сазгер сіңлісіне: «Әйел затының адам ғұмырындағы алар орнын көрсететін, оның әуелі нәзік жан екенін айтатын қазақта ән жоқ. Ән жазсаң, осы тақырыпты қозғап көр» деп ақыл айтады. Сапардан келген бойда сазгер әйел тақырыбында ән жазуды қолға алады. Ән авторы - Бағлан Бәбіжан
Ол кезде Бағлан Бәбіжан «Қазақ радиосына» жұмыс істейтін. Қыркүйек айының басында ол жұмысқа кетіп бара жатады. Ойына әдемі әуен келеді. Жол бойы әнді қайта-қайта орындап, жұмысқа кірген бойда ол дыбыс жазатын студияға барып, жаңа әнін жазып алады.
Сол күні әріптесі ақын Нәзира Бердалыға жолығып, ән тақырыбын айтып, өлең жазып беруін өтініп сұрайды. Ақын әріптесінің көңіл аяқ асты етпей, көп ұзамай мәтінін жазып береді. Сол жылдың күзінде ән әнші Қарақат Әбілдинаға ұсынылады. Қарақат әнді бірден ұнатып, 2005 жылдың наурыз айында өткен мерекелік концерттердің бірінде орындап, ел алдына алып шығады. Әу баста, әннің «Мен әйелмін», «Әйел бақыты» сияқты атаулары болған. Кейін ол «Ару-ғұмыр» болып өзгертілді.
Ару-ғұмыр Әнін жазған: Бағлан Бәбіжан
Сөзін жазған: Нәзира Бердалы
Орындаушысы: Қарақат Әбілдина
Адалдығы болмаса аңсатар ма,
Ару деген – әдемі әрқашанда,
Өмір атты іздеген ән-сапарда, бақыт.
Әр таң оған ерекше күліп келген,
Әр көктемнен ерекше үміттенген,
Зулайтынын осылай біліп пе ем мен, уақыт.
Кеше ғана бәйшешек гүлдей едім,
Күнге қарап көктемде күлген едім,
Бүгін мүлдем өзгеше күйге енемін, шіркін!
Жайқалады гүлзары көнілімнің,
Мен қазақтың қызымын, келінімін,
Мен елімнің ертеңгі сенімімін, мүмкін!
Жаңаша боп туады жанған күнім,
Аспанында арманның самғап жүрмін,
Ақ некелі жарыма арнаулымын мәңгі.
Жарық қылам жер бетін нұр-сәулемен,
Қырық шырақтан құралған құрсау денем,
Бесігімді тербетем шырқауменен әнді.
Мен - әйелмін, әлемнің анасымын,
Үміт жеңген кей-кезде жан ашуын,
Күлкісі – күн, тәні – нұр, санасы – мұң, менмін.
Нәзікпін мен, сол үшін айыптымын,
Ғажап түске боядым ғайып түнін,
Не десең де бақытқа лайықтымын, сенгін
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ Суреттер: alashainasy.kz, anatili.kz
Толығырақ:Massaget.kz
https://massaget.kz/layfstayl/madeniet/music/2773/