СЫҢСУ
Қызы едім Ермаханның,
Назды еркесі...
Қыс бойы тігілетін жаз көрпесі
Күніге жаңа көйлек – киетіні,
Күніге дастарханда – сүйетіні.
Қызы едім,
Қырық үш жаста Алла берген,
Жүзінен – Ай,
Мойнынан алма көрген
Серуенге сегіз құрбы еріп шығып,
Қырық жеңге қырық бұрымын талдап өрген.
Қыз едім.
«Наздан» кейінгі атым – «Айнам»,
Жұлдызға мақпал түн ғып шашым жайғам
Ерке де, серке болған сол дәуренім
Есіктің оң жағында қалды-ау, қайран...
«Қыз – қонақ» деп, осы жұрт неге алдайды?!
Қонақ боп өз үйінен кеткенімен,
Ие боп өзге үйге ене алмайды.
Қазір маған қырық жеңгем, әкем түгіл
Қырық шілтен пір де көмек бере алмайды...
Қызы едім Ермаханның,
Не демекпін?
Мен сорлы – гүлден-гүлге көшенімен,
Мекенін таба алмаған көбелекпін...
Мәңгіге қалып қойды-ау керемет күн,
Қызықты қыз-дәуреннен неге кеттім?...