Той тарқады.
Той тарқады.
Жауды жаңа ақша қар.
Жыл келгенмен, ғұмырын кім жақсартар?
Айна алдында жасанды аппақ бұрымын
Тарқатады Ақшақар.
Тарқатады ол тәтті қылып қылығын,
Ақшақардың күні – күлкі, түні – мұң...
Жасанды шаш шешілген соң жайылған
Кім сипайды түндей қара бұрымын?
Тамағына өксік тығып тентек түн,
Қар-кірпігін көтереді ол әнтек тым...
Бар адамға сыйлайтұғын қуаныш,
Кейіпкері «өмір» деген ертектің...
Бір-ақ түнге сол ертектен ұрландың...
Жаңа жыл –
Сен өлген күн де, туған күн...
Үйімізде мереке боп жатқанда
Ақшақар-ау, сен неліктен мұңдандың?
«Аяз» деген атасының жалғызы,
Шыршалары нұр жасанған бал қызы
Мұз жүрегің еріп кетсе қайтесің,
Жыламашы, Қар қызы!
Қалада – қар, далада – қар, бақша – қар.
Жыл келгенмен, ғұмырын кім жақсартар?
Мереке де өмір сынды өткінші,
...Айна алдында жылап отыр Ақшақар.