Ару Күннің тарқатылып бұрымы
Ару Күннің тарқатылып бұрымы,
Ақ шымылдық арасына тығылды.
Қайырлы таң,
Ұлы Нұрдың сәулесі!
Қайырлы таң,
Күннің нәзік сынығы!
Менің шашым түн-тарақпен таралған,
Таң-тамаша әлем бейне ақ арман
Ал жаным ше?
Ол да, Сіздей, аяулым,
Ұлы Нұрдың мейірімінен жаралған.
Ұлы Жарық – Жылылық һәм Мәңгілік.
Ұлы Ие – ол дегенім Тұтастық.
Сынып, сынық сәулелерді ән қылып,
Біздер қанша көктем астық, қыс астық?...
Оңашада жалғыздықты сезініп,
Жарты сәуле ғана болып оянып,
Сынық сәуле күйіңде сол көз іліп,
Өз жартыңды аңсау – қайдан туған күй?
Бозінгендей боздап жаным,
Айырыла алмай жанарыңнан жанарым,
Бозала таң бұлттарының үстімен,
Мен өзіңе ұшып кетіп барамын.
Бұл не деген жұмбақ күй?