Саксафон мен гитараның дуэті...
Саксафон мен гитараның дуэті...
Сіз бен мендей бұлардың да мұңды үні
Тым кездейсоқ, біз күтпеген бір күні
Тамаша бір кеш түсті.
Ес-түсіңнен айыратын бұл кеште
Үстелімде құлап жатты гүлдесте
Зал ішінде ұшып жүрді пырақтар,
Жан-жағымда алаулады шырақтар.
«Сыр ақтар» деп сыбырлады суреттер,
Қабырғадан қарап маған...
«Сыр ақтар» деп сыңсып тұрды саксафон...
Тәңірім-ау, сезімің жоқ жаратпаған...
Саз дауысын естігенде...дір еттім.
Сіз және мен.
Тавернасы гректің.
Көне әуен...гитара да шалқиды
Шанағына сыйғызып ап бар күйді
Маған ғана таныс сіздің иісіңіз
Кешкі ауада қалқиды.
Маған ғана таныс сіздің көзіңіз
Шуақ шашып жүрегіме тұр әлі.
Бірақ, сол кеш қайталанбас.
Ешкім де емес кінәлі...