«Ей, қалқа, сен маған жоқ,
Мен саған жоқ...»
Ыбырайдың әні «Алтыбасар»
Жоқтығымызды білген соң,
Жасты қайтеміз сығылған?
Менсіз дүние сізге тән –
Басқа гүлдермен құбылған.
Мен болсам...мен де...мен гүлмін
Басқа қолдармен жұлынған.
Сағынушы едім бұрыннан...
Сізді.
Сағынғанменен, шықпайды екен шыбын жан...
Сіз қайда жүрсіз?
Білесіз.
Мен қайда жүрмін?
Алыспыз.
Білесіз – бізден бөтенбіз,
Тым жақын...әрі...таныспыз.
Бұл неткен...неткен Күз болды –
Кездесулері шалыс Күз.
Өрелі менен Сөрелі арасындағы қарыс мұз...