Алабұртқан алаң көңіл жоғын тауып іздеген
Алабұртқан алаң көңіл жоғын тауып іздеген,
Өзіңізді алғаш рет көріп едім Күзде мен.
Алабұртқан албырт кеште алтын бақты аралап,
Арманымда...сырласып ем Сізбенен.
Қызыл көйлек, қызыл бешпент,
қызыл-сары беретім
Мен ғана емес, баққа да сән беретін.
Аспанда да дәл осындай түс барын,
Сұр бұлттың да Күн нұрына құштарын –
Төбесіне қарай алған адам ғана көретін.
Жүрегінде сағынышы бар жан ғана сезетін:
Күзге әманда суық емес, жылылық тән екенін,
Жылылықта ғаламат бір сұлулық бар екенін...
Жыл құстары жылы үмітпен
тастайтынын мекенін.
Мен сонда алғаш ұғынып ем,
Сағыныштың не екенін...