Жапырақ-жаным Күзге көмілді...
Жапырақ-жаным Күзге көмілді...
Шандырын ғана сүйреген.
Түсіп қалдым мен бізге көңілді
Қоңырау таққан күймеден
Қараша-жаңбыр тізбелер мұңды,
Баяғы тірлік – күйбелең.
Сенің шарқ ұрып іздегеніңді
Мен қалай ғана білмегем?...
Жаңбырға жорта табына қалған
Қарашадағы кеш – дүлей.
Қаланы қызыл табына малған
Күн қайда кетті?
Көшті ме, ей?!
Қиялым көктем бағына барған
Көңілге орнап ескі үрей...
Мен неге, неге саңырау қалғам,
Сағыныш әнін естімей?...
Жырымды осы жарамды етіңіз,
Болсын бұл – қызық әңгіме
Жел болып қуып, маған жетіңіз,
Дауылсыз өмір мәнді ме?...
Көлеңке болып қараң етіңіз,
Шам жағып берем әлгіге
Ақыры, Сізден, аяулы өкініш,
Көз жазып қалдым мәңгіге...