АСТАНА – АРМАН...
Алаш та алаш болғалы,
Алаша атқа қонғалы
Ала шұбар ту байлап,
Алаш деп ұран салғалы,
Бар қазаққа құт болар
Астана еді арманы.
...Қолымда менің Алтын Күн!
Жерұйық іздеп, шарқ ұрдым,
Ұлтымның болған аңсары,
Арманы болған халқымның.
Жерұйық тапсам жаһаннан,
Дамылдар ма еді шыбын жан?
Тең болар ма еді құбылам?
Күлімдер ме еді кең Дала,
Дидарында Мәңгілік мұңы ұйыған?
Ғасырлар жүгін арқалап,
Желмая міндім жырымнан.
***
Желмаям сол сәт сілкініп салып,
Тұлпарға айналды Ақтангер.
Ақтангер мініп, Көк Орда бардым,
Ер түрік қазық қаққан жер,
Көшпенді жұрттың көшпейтін асыл ордасы
Алғашқы шамын жаққан жер.
Жібек жолы Бұзыққа барып бас ұрса,
Дешті-қыпшақ дарияда жүзген бақытын
Сауран менен Сығнақтан тапқан жер.
«О, Сығнақ!
Қақпаңның мен шаңын сүртіп жылар ем,
Қайта тусам, Сығнақта туар ем»,-
деп жыласа шерлі шайыр Шамсуддин,
Мен дәл солай тағдыр да бұзбас тас қорған
қамалын сүйіп Сауранның,
жамалын сүйіп жалғанның,
Елесін қудым еліткен
«Астана» атты арманның.
Көк Ордадан көктеп шыққан бәйшешек,
Ақ Орданың аманаты – нәурізек,
Қасаңды бұзған қар гүлі –
Армандардың жалғасы,
Жаңарған ұлыс, ұлтымның жаңа тағдыры –
Алғашқы Қазақ Ордасы.
Алғашқы Қазақ Ордасы –
Арқалығындай бесіктің,
Қоңыраулы үні сыңғырлап,
Тербеліп жатып,
Азаттық жырын есіттім.
Ордаға келіп бас тіреп,
Көшпенділердің күймесі,
Қаланған еді ең алғаш
Қазақ елінің іргесі.
Хан тауына тәу еттім де,
Ұлықтаған Жәнібек пен Керейді
Жайыққа қарай ап ұшты мені Ақтангер.
О, Сарайшық!
Мына тарих сен жайында не дейді?
Алтын Орда сұлтандары жатқан жер,
Ақ Жайықтың жағасында
Орналасқан пейіш пе ең?
Есімнен қалған ескі жол,
Қасымнан қалған қасқа жол
Өзіңе келіп түйіскен.
...Қанша мәрте күл болып өртенді екен,
Күйіп кеткен жұртының өртеңінен
Қанша мәрте көктеп, бас көтерді екен
Бұл қазақ?
Мың өліп, мың тірілген,
Ұлт ретінде оянып қаншама рет,
Қаншама рет еріксіз кірпік ілген...
Бұл қазақ...
Қиын-қыстау кезеңде астананы
Арман еткен бір жұрт бар.
Бұл – Созақ.
Созылған Созақ даласы
Түркістанға апарған.
Беу, Түркістан!
Қасиетті байтағым,
Көкірегіңде тұнып жатыр саф арман.
Сенің тәнің – Қожа Ахмет күмбезі,
Төбесіне қонған Айы таза алтыннан
жасалған.
Сенің жаның – бабалардың мұраты,
Көне қалам, жылдан-жылға жасарған...
Екі дүние есігісің, Түркістан!
Ер түріктің бесігісің, Түркістан!
Мағжан ақын жырлап кеткен киелім,
Қазағымның несібісің, Түркістан!
Өзіңнен шығып, Орынбор бардым,
Орныңды көріп қайтайын.
Елеске айналған астанам менен
Еділдің зарын айтайын...