Жарық дүние қараңғыға иілмес
Жарық дүние қараңғыға иілмес,
Өлгендерді біз қалайша естиік?
Шауып бара жатырсың-ау, үйірлес
Жалған дүние – бес киік...
Бес киіктің тек біреуін ұстасам,
Қалған төрті бұйырмастан шашырар.
Әр күн сайын сайтаныммен ұстасам,
Ал қолымда...отыз үштің тасы бар,
Ал басымда – қос мүшелдің жасы бар.
Көздің жасы құрғаған жоқ, жуылды-ақ,
Көріп тұрмын шаң жұқпаған шашасын
Бес парызым, бес киік боп зуылдап,
Көз ілеспес шапшаңдықпен қашасың.
Қиын, сірә, қараңғыға илану,
Біз әзірше ішіндеміз жарықтың.
Ібіліспен ілініскен Иманым,
Мен өзіңмен қауышуға зарықтым!...