«Үлбіреген жұп-жұқа жібек емес».
Үлбіреген жұп-жұқа жібек емес,
Жуылып, өңі кеткен шыт аспан.
Ай.
Түн.
Қазір жапырақпын.
Иісім де – исі кепкен жапырақтың,
Мына Күздің жаныммен тұтасқаны-ай!...
Үзілген өкінішім
Мекен еткен жерінен ұшып, қонар
Жерге.
Жылдарым жыл құсы боп,
Мекен еткен үйінен ұшып барад.
Мен де...
Дәл қазір мекенім – тек тәнім ғана,
Дәл қазір қорғаным – тек тәнім ғана.
Не деген жалаңашпын!
Санам – аш.
Мұң...
Сұп-суықпын.
Мына Күзбен мәңгіге араластым.
Жау емеспіз бірімізге – біріміз,
Жар емеспіз бірімізге – біріміз,
Бар емеспіз бірімізге – біріміз,
Енді «біз» жоқ...
Бақытты өмір сүріңіз!