«Оңаша қалсам – өзімді»
Оңаша қалсам – өзімді,
Кездесе қалсам – көруші көпті де алдаймын...
Есеңгіреткен ең ауыр соққыдай Қайғым!
Қол созым жерде жүрген өзіңді
жақсы көре алмаймын,
Ең сұмдығы – жек көре алмаймын...
Сезіне алғандығы үшін
Жүрегіме артайын несіне мін?
Қайғының қара теңізін кешіп өтем деп,
Тайынбай шешінемін...
Сен жағада қал!
Бақытымды – мұң қылғаның үшін,
Жігерімді құм қылғаның үшін
Мен сені кешіремін!
Күтуменен жүргенде келер күннің,
Жаңа күннің жайдары, жылы таңын
Кім білген тағы мылқау түн ұтарын?...
Алдаған арманым үшін,
Осынау жағалауда қалғаның үшін
Мен сені ұмытамын!
Тәп-тәтті Қайғым менің!
Қатыгез, бөтен...әрі таныс қайғым!
Жел болып шаштарыңнан сипамаймын,
Үміт боп үрейіңмен алыспаймын,
Баянды бақытыма жету үшін
Мен сенен алыстаймын.
Жалаңаяқ жағаның шағал тасын
Езгілеп, сен еңіреп ән айтасың...
Мен жүзіп кетіп барам...
Сен мені жоғалтасың...